|
01.03.2019 | 17:23
3243

Жаңа үкімет, съезд: Қазақстандағы саяси апта қорытындысы қандай болды?

Қазақстанда үлкен саяси апта барысында Үкімет жаңадан жасақталып, «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай үлкен съезд өтті.

Фото: Аkorda.kz

Қазақстанда үлкен саяси апта тәмәмдалды. Оның барысында Үкімет жаңадан жасақталып, «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай үлкен съезд өтті. Екі мың делегат қатысқан шарада Президент осыған дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылап, болашақ бағдарды айқындап берді. Мәселен, республикалық бюджет шығындарының 45 пайызы әлеуметтік салаға бағытталатын болады. Қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсарту үшін Ұлттық қордан да қосымша қаражат бөлінеді. Ерекше қамқорлыққа көпбалалы және аз қамтылған, мүгедек бала асырап отырған отбасылар алынады. Оларды қолжетімді баспанамен, әлеуметтік жәрдемақымен және жұмыспен қамтамасыз етуге, ал ауылдық аймақтардағы тұрғындарға бөлек квота және шағын несие беруге баса ден қойылмақ. Күні кеше Үкімет отырысында министрлер кабинеті аталған межелерді іске асырудың тетіктерін талқыға салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Үкіметтің жаңа мүшелері Елбасы жүктеген «әлеуметтік қамқорлық» шараларын жүзеге асырудың ретімен таныстырды. Мәселен, жаңадан тағайындалған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев 1 шілдеден бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын қазақстандықтардың саны 830 мыңды құрайтынын мәлімдеді. Аталған мерзімнен аз қамтылған отбасыларға берілетін жәрдемақы 14849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін көтеріледі. Ол 18 жасқа дейін төленетін болады. Ал егер балалар оқитын болса, онда 23 жасқа дейін беріледі екен. Мәселе наурыз айында Парламентте қаралмақ.

«Атаулы әлеуметтік көмек сол жанұяның әрбір тұрғынына келетін табысқа байланысты. Жаңа өздеріңіз естідіңіздер, біз көпбалалы отбасылардың күнкөріс деңгейін көбейттік. Қазір ол 20789 теңге болды. Егер содан кем болатын болса, онда сол жанұяның әрбір баласына 20789 теңге ақша төленетін болады. Одан кейін егер әрбір жанұяның тұрғынына шаққандағы табыс күнкөріс деңгейінен төмен болатын болса, онда соның айырмашылығы қанша болады, 10 мың теңге бола ма, 7 мың теңге бола ма, қалайда ата-анасына да қосымша төленеді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек САПАРБАЕВ.

Бердібек Сапарбаев сондай-ақ еліміздің ауылдарында тұратын көпбалалы аналарға жеке кәсіп бастау үшін гранттар мен шағын несиелер берілетінін айтты. Жаңа кәсіпкерлік үшін 500 мың теңге көлемінде қайтарылмайтын қаржы беріледі екен. Микрокредиттеу аясында 2019 жылға белгіленген 14 мың микрокредиттің 5 мыңы ауылда тұратын көп балалы аналар мен мүгедектерге бөлінеді. Ал кәсібін өрге дөңгелету үшін ауылдық көпбалалылар қажетті мамандықтар бойынша бизнес-курстардан білім алады. Аналарға үйде отырып жұмыс жасауға мүмкіндік қарастырылады. Олар негізінен, киім тігу мен нан пісіру сияқты жұмыстармен айналысу арқылы ресми қызмет атқарғандай дәрежеде болады. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жаңа басшысы Роман Скляр көпбалалы отбасыларға жалдамалы пәтер қашан берілетінін айтты. Игі іс мамыр айынан бастау алады екен. Анықталғаны, елімізде қазір 340 мың көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде, тұрғын үй кезегінде 28 мыңы тұр деді.  

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз жыл сайын 7 жыл бойы 6 мың жалға берілетін пәтердің құрылысын қамтамасыз етеміз. 2025 жылға дейін 40 мыңнан аса жалға берілетін пәтер салынады. Бүгінде баспана кезегінде тұрған аз қамтылған көпбалалы отбасылар мәселесін толығымен шешіледі. Мамыр айында көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй беруді бастаймыз», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман СКЛЯР.

Бұдан бөлек, министрдің сөзінше, табысы 43 мың теңгеден аз, яғни ең төменгі жалақыдан төмен көпбалалы отбасылар үшін жеңілдетілген пайызбен ипотека берілетін болады. «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» жылдық 2 пайызымен 20 жылға жеңілдікпен несиелеуді қамтамасыз етеді. Ипотеканың бұл түрі санаттарға байланысты берілмек. Мәселен, төрт және одан да көп балалары бар көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар немесе соларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар. Таяу екі жылдың ішінде осы санаттарға 22 жарым мың жеңілдікті қарыз беру көзделген. Бұған үш жыл ішінде республикалық бюджеттен жыл сайын 50 миллиард теңгеден бағытталатын болады. Бұл ретте премьер-министр Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын жүзеге асыруда бюрократия мен формализмге жол берілмеуін талап етті.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp

В СТАТЬЕ

Үкімет съезд
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир