|
22.06.2017 | 11:26
3305

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 49 мыңнан астам қызмет түрін көрсеткен

Алматылық тұрғындар мемлекеттік қызметкерге жер мәселесі бойынша туындаған сауалдармен көп жүгінеді. Сондай-ақ екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтар да мемлекеттік мекемелерге жиі бас сұғады екен. Жыл басынан бері қаладағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тұрғындарға 49 мыңнан астам қызмет түрін көрсетіпті. Ал, салықшылар тіпті 2 милиард қызмет ұсынып үлгерген.

Әлия Үйсімбайдың мемлекеттік қызметкер атанғанына көп болған жоқ. Халыққа қызмет көрсету орталығында біраз жыл еңбек еткен тәжірибелі маман қазір осал топтағы адамдарға әлеуметтік қызмет көрсетумен айналысады. Күн сайын алдынан көз жасын орамалына сүрткен ақ жаулықта ана да, арбаға таңылған мүгедек те өтеді.

«Кейде жүрегіміз ауырады. Көмектескіміз келіп отырады. Әрине, енді бәрін заң жүзінде стандартқа сәйкес қызмет атқаратындықтан, кейде жағдайлар болып жатады заң талаптарына сәйкес келмей жатқанда жүрегің бір қысылады. Енді көмектескің келіп тұрады», - деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімнің бас маманы Әлия ҮЙСІМБАЙ.

Жалпы, Алматыдағы халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жыл басынан бері талай адам жүгінген. Мамандар оларға 49 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіпті. Ал, қаладағы Мемлекеттік кірістер департаменті биыл заңды және жеке тұлғаларға 1 млрд 600 млн-нан астам қызмет түрін ұсынып үлгерген. Бір маманның өзі 60-70 адамды қабылдайды. Орталықтағылар қалада алғаш болып кедергісіз қызмет көрсетуді қолға алыпты.

«Қызмет түрінің 19 түрін көрсетеміз. Бізге үнемі келіп тұратын қызмет түрі - бұл жеке тұлғалар салық төлеуші ретінде, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу үшін келеді. Қызмет түрін тоқтату үшін, қызметтерін мүлдем жою үшін, анықтамалар алу үшін, өздерінің салық борыштары бар ма екен, сол үшін келіп бізге қызмет түрін алып тұрады», - деді Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Жазира ЖАМАЛОВА.

Мемлекеттік қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі жандардың да кез келген қызмет түріне қол жетімді болғанын назарда ұстайды. Алматыдағы жұмыспен қамту орталығы электрондық кезек аппаратын мүгедек жандар үшін арнайы іске қосқан. Құрылғыда браиль жүйесі қарастырылған, әрі арбаға таңылғандардың ыңғайына қарай аппарат төмен түседі және жоғары көтеріледі.

«Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша бізде 3 бағыт бар. Ол бағыт бойынша бізде егер адамдардың мамандықтары жоқ болса, біз қысқа мерзімді уақыттың ішінде оқыту курстарына жіберіп, адамдар мамандықтарын алып содан кейін жұмысқа тұрғызу шараларын ұйымдастырамыз», - деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гауһар ӘБУЕВА.

Алматы қаласында бүгінде 5000-нан астам мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Айта кетсек, олардың барлығы дерлік биыл арнайы аттестациядан өткен болатын. Сынақ кезінде арнайы құрылған коммисияның ақпаратына сай, қала бойынша 90,6 пайыз мемлекеттің қызметкер тағайындалған лауазымына сай екен. Оның 8,2 пайызының қызметін жоғарлату ұсынылған көрінеді.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир