Алматыдағы жалпықалалық сенбілікте қанша ағаш отырғызылды

Almaty.tv.
Almaty.tv.
Акция барысында қаланың барлық ауданында 26 аумақ тазартылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 22 сәуір күні қала әкімдігінің қолдауымен қоғамдық ұйымдар ұйымдастырған Almaty Clean & Green кең ауқымды экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала әкімі Ерболат Досаев екі жердегі – Баум тоғайы мен Медеу ауданындағы экоакцияға қатысты. Шаһар басшысының айтуынша, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялауға бағытталған мұндай акциялар мегаполисте жақсы дәстүрге айналуға тиіс.

Жалпықалалық сенбілікке 82 мыңнан астам адам қатысып, 5 мың ағаш отырғызылып, 15 мың шаршы метрден астам қоқыс жиналды.  

Экологиялық акцияны амбассадорлар, танымал әртістер бірауыздан қолдады.

«Керемет, тамаша акция! Әлемде экология мәселесі қаншалықты өзекті екенін бәріміз білеміз,  бұл сүйікті қаламыз – Алматыға да қатысты. Бұл өте маңызды оқиға, біз Almaty Clean & Green акциясын тал егуден бастағанымызға қуаныштымын. Жас шыбықтың жайқалған ағашқа айналарына сеніміміз мол», – дейді «Джулия» мюзиклінің ұжымымен бірге акцияға қатысқан белгілі музыкант, A'Studio тобының продюсері Байғали Серкебаев.

«Сенбілікке бүгін тұрғындар, еріктілер, әртістер қатысып отыр. Біз жасыл желекті аялап ұстауымыз керек. Меніңше, бұдан біздің қаламыз көркейеді. Сенбі күні ғана емес, күнделікті өмірде де осыны ұстануымыз керек»,– деді ақын Мұратқан Шоқан.


Айта кетейік, жалпықалалық сенбілікті өткізуге «Posadiderevo.kz» РҚБ, ECONETWORK, Қазақстанның көгалдандырушылар қауымдастығы, «Спорттық туристер достастығы» ҚҰ, «Greenup.kz» ҚҚ мұрындық болған. Қоғамдық ұйымдар әлеуметтік желіде акцияны заманауи форматта өткізуге шақырды.

Алматы әкімдігі қажетті құрал-жабдықпен (қолғап, тырма, күрек, қап), көшетпен қамтамасыз етіп, акцияға қатысушыларға ас-су берді. Мерекелік көңіл-күй жасау үшін барлық аумақта жаттығу, йога, зумба, шеберлік дәрістері, флешмоб ұйымдастырып, байқау өткізіп, жүлделер берілді.

Экобелсенділер Түрксіб, Жетісу және Медеу ауданынында негізгі төрт орынды белгіледі. Қоғам белсенділерінің бастамасына ауданның әкімдіктер де атсалысып, өздерінің аумағында коммуналдық қызметпен бірлесіп, жергілікті жерде сенбілік өткізді. Акция барысында қаланың барлық ауданында 26 аумақ тазартылды.

Новости партнеров