|
07.06.2024 | 19:48
347

Инвестициялық форум: Алматыда 20 стартап жоба таныстырылды

Қалада «Сentral Eurasian Venture Forum-2024» іс-шарасы өтті

Инвестициялық форум: Алматыда 20 стартап жоба таныстырылды Almaty.tv

Алматыда «Сentral Eurasian Venture Forum-2024» іс-шарасы өтті. Стартап жобалардың авторлары мен инвесторларды бір арнаға тоғыстырған форум биыл үшінші рет өткізіліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жас ғалымдар мен стартап жобалардың авторлары әзірлеп шыққан өнертабыстарға еліміздегі, сондай-ақ шетелдегі инвесторлардың назарын аудару, қаржылай қолдау көрсетіп, IT-технологияларды дамытуға шақыру – бүгінгі форумның басты міндеті. Іс-шараға ақсап тұрған салаларды көтеру және олқылықтар мен кем-кетіктердің орнын толтыру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен 1500 адам жиналған. Оның 70 пайызы – инвесторлар.    

– Бұл – аймақтық форум. Жиын венчурлік инвестиция тартуға, IT нарығын өркендетуге бағытталған. Негізгі мақсат – кәсіпкерлер мен инвесторлардың арасында диалог орнату. Венчурлік нарықты дамытумен 13 жылдан бері айналысып келеміз. Осы бағыттағы жұмыстар көбірек атқарылуы тиіс деп санаймыз. Әлем елдері бізде пайдалы, бәсекеге қабілетті өнімдер дайындалатынынан хабардар болуы керек, – деді ұйымдастырушы Әлім Хамитов.  

Венчурлік инвестиция – жаңа, тың, енді ғана қадам басқан жобаларға инвестор табуға көмектеседі. Дәл осы мақсатта, ашық аспан астында 20-ға жуық стартап жобаның таныстырылымы өткізілді. Олардың қатарында коммуналдық төлемдерді оңай жүргізуге, құжаттарды жеңіл рәсімдеуге арналған және дәрігерлердің көмегіне үздіксіз жүгінуге болатын «Take care» қосымшасы бар. Тіпті, өнертапқыштар футбол ойынын бір ғана «ақылды камерамен» түсіруге болатын жобаны, робототехникаға қызыққандарға саланы оңай меңгеруге көмектесетін ұялы телефон бағдарламасын да жасап шыққан.

Инновациялық жобалардың бірі – «Алақан» бағдарламасы. Бұл стартап бастама арқылы желінің көмегінсіз, ұялы телефон мен пластикалық картасыз кез келген жерде төлем жасай аласыз. Алдын ала мәліметтерді еңгізіп қойсаңыз жеткілікті.

– Бес миллион нүкте арқылы алақаныңыздың кескінін аламыз. Суретін сақтамаймыз. Кескінді хешкодка, цифрға айналдырамыз. Қазіргі таңда сіздер қолданатын CE-ID-мен салыстыруға болады. Ол көрінетін биометрия, ал біз көрінбейтін биометрияны ұсынып отырмыз, – деді компанияның техникалық директоры Қанат Сәрсенбай

Бағдарламаның құрылғанына 4 жылдан аса уақыт өткен. Бүгінгі таңда жүйені 200-ден аса компания қолданады. Қазір жобаға Араб елдері қызығушылық танытып отыр. Бағдарлама авторлары «алдағы уақытта келісімшарт жасалады»деп сендірді.

– Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл форум еліміздің брендіне айналса дейміз. Орталық Азиядағы беделімізді арттырып, бізде де технологиялық прогресс бар екенін әлем елдері көрсе, бізге қарай тартылса қуананамыз, – деді ұйымдастырушы Әлім Хамитов.

Форумға инвесторлар мен кәсіпкерлерден бөлек, өңірлік цифрландыру басқармасының өкілдері, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі де қатысып, жаңа жобалармен танысты. Жан-жақты қолдау көрсету үшін амалдар жасалатыны сөз болды.

Еске салайық, 2023 жылы аталмыш форум аясында IT-жобаларға 8 миллион доллар инвестиция тартылған. Биыл бұл көрсеткіш еселене түспек.

Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Май өндірісі: сала мамандары меморандумға қол қойды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир