|
03.10.2023 | 20:59
3871

Пирола: әлемде коронавирустың жаңа түрі тарады

Мутацияға ұшыраған ковидті тұмаудан ажырату қиын

Пирола: әлемде коронавирустың жаңа түрі тарады Фото: ГЕТТИ

Әлемде коронавирустың жаңа түрі Пирола тарады. Инфекционист мамандар «кеселден біздің елге де қауіп бар» дейді. Әзірге індетпен ауырған адам ресми тіркелмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Пирола – Омикронның мутацияланған түрі. Кесел әсіресе балалар мен созылмалы ауруы бар егде жастағылар үшін аса қауіпті. Мамандар «бұрын ковидпен ауырған және екпе алғандарға да жұғуы жеңіл» дейді. Әлемді алаңдатқан індет алғаш тамызда Францияда тіркелген. Дерттің таралуы өте жылдам. Мутациясы көп болғандықтан препараттарға төзімді келеді екен.

– Пирола қарапайым тұмауға ұқсас болып келеді. Жұқтырған адамның дене қызуы көтеріледі, әлсіздік, мұрын бітелуі, жөтел пайда болады. Сондай-ақ оны жұқтырған адамның тәбеті жоғалуы мүмкін, диарея, жүрек айну, құсу болады. Иіс сезімі де жоғалады, – деді дәрігер-эпидемиолог Альберт Асқаров.

Жұқпалы вирус елде ресми тіркелмеген. Денсаулық сақтау министр өкілдерінің айтуынша, алаңдауға негіз жоқ. Қандай да бір шектеулер енгізу, шекараларды жабу қарастырылмаған. Коронавирустың алдын алу үшін вакцина жеткілікті екендігін де атап өтті. Оны жергілікті жерлердегі емханаларда салдыруға болады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тұмау өршіп тұр. Өткен аптаның өзінде 80 мыңға жуық қазақстандық дәрігерлер көмегіне жүгініпті.

– Биыл Қазақстанда 11 мыңнан астам азамат коронавирусқа шалдыққан. Соңғы аптада осы індетті 129 адам жұқтырған. Пирола штамы бірінші кезекте шетелден қыдырып келген отандастарымыздан жұғуы мүмкін. Әзірге елде ресми тіркелмесе де, мутацияға ұшыраған ковидті тұмаудан ажырату қиын, – деді Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының директоры Айнагүл Қуатбаева.

Пирола коронавирусының жаңа штамы 10-нан астам елде тарап үлгерді. Сондықтан мамандар шетелге жиі шығатын отандастарды барынша сақ болуға шақырды.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде қызылша ауруына қарсы екпе жұмыстары басталды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир