|
26.04.2024 | 18:57
3215

Жантүршігерлік автобус апаты: жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты сот үкімі шықты

Ахметжанов өзіне тағайындалған жазаны қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді

Жантүршігерлік автобус апаты: жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты сот үкімі шықты Almaty.tv

Алматыда автобус жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты сот үкімі шықты. Сотталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Былтыр 22 желтоқсанда Қалқаман шағынауданында №47 бағыттағы қоғамдық көлік бақылаудан шығып, жол жиегіндегі жаяу жүргіншілерді қаққан. Сол апат 3 азаматтың жанын қиып, тағы төртеуінің тәніне жара салды. Оған автобус жүргізушісі мен жолаушы арасындағы кикілжің себеп болған. Сол сәтте азамат қоғамдық көлікті тізгіндеген әйел адамға қол жұмсап, жантүршігерлік оқиғаға кінәлі деп танылған. Содан бері жағымсыз жайттың мән-жайы тергеп-тексерілді, бірнеше мәрте сот отырысы өтті. Ал бүгін кінәліге қатысты үкім шықты.

– ҚР ҚК 293-бабының бірінші бөлігімен бір жылға бас бостандығынан айыру жөніндегі жаза тағайындалсын. ҚР ҚК 351-бабы үшінші бөлігімен сегіз жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Дархан Ахметжанов түпкілікті сегіз жыл бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалсын, – деді Алатау аудандық сотының судьясы Тәкен Шәкіров.

Ал бүгін түске дейін болған сот отырысында жол апатына кінәлі деп танылған Дархан Ахметжанов соңғы сөзін сөйлеген еді. «Бұзақылық» бабы бойынша өзіне тағылған айыпты толық мойындаған сотталушы болған жайтқа өкінетінін жеткізіп, соттан жеңіл жаза тағайындауды өтінген. Қайғылы оқиғада қаза тапқандардың жақындарынан да кешірім сұрады.

– Көз жұмған адамдардың отбасынан кешірім сұраймын. Арты қайырлы болсын! Түсінемін, сіздерге өте ауыр, менің де жүрегім ауырады, – деді сотталушы Дархан Ахметжанов.

Ал сотталушының анасы баласының әрекетін естігенде таңғалыпты. Перзентінің кішкентайынан тәртіпті болғанын, бұрын-соңды бұзақылық жасағанын көрмегенін тілге тиек етті.

– Ұлым Ахметжанов Дархан бала кезден мектепте жақсы оқып, дұрыс тәрбие көріп, өскен адам. Оқу орнын бітірген, көзі ашық, көкірегі ояу адам. Ешқандай дөрекі қылығы болмаған. Төбемізден жай түскендей болды, – деді Д. Ахметжановтың анасы.

Сондай-ақ түске дейінгі сот отырысында жол апаты салдарынан жарақат алған жәбірленушілер де сөз алды. Олар айыпталушыны ақтаған жоқ, бірақ жүргізушінің де кінәсі бар дегенді алға тартқан еді. Алайда олардың талап-арызын сот қанағаттандырмаған.

– Сотталушының кінәсі дәлелденді, ол өзіне лайық жазаны алады деп сенемін. Бірақ автобус жүргізушісі «сүттен ақ, судан таза» дегенді білдірмейді. Үш адамның өмірі қиылды. Қаншама адам жарақат алды. Мен бес ай өтсе де, әлі жұмысқа жарамсызбын. Ниетіміз – ақша өндіру емес, бірақ Шөкебаеваны да бұл жағдайда кінәлі деп тану қажет. Жолаушылардың қауіпсіздігіне жүргізуші жауапты, – деді жәбірленуші Виктория Либар.

Сондай-ақ сотталушы жәбірленушілерге материалдық һәм моральдық шығын өтеуге міндеттелді. Сот оған 2 ай көлемінде уақыт берді.

Айта кетейік, Ахметжанов өзіне тағайындалған жазаны қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.

Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мемлекетке 90 миллион теңге қарыз азаматтың көлігі айып тұрағына қойылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир