Алматы іргесіндегі апатқа жедел жәрдемнің алғашқы легі 15 минутта жеткен

Жалпы, апаттан 67 адам түрлі жарақат алған, оны 9-ы бала
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұл туралы еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров мәлімдеді. Дәрігерлер жарақат алғандарды төтеншеліктердің рұқсатынан кейін бірден қараған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Вице-министр қалалық әкімдікте Фоккер - 100 ұшағында болған жолаушыларға алғашқы көмектің қалай жүргізілгенін де түсіндірді. Сонымен қатар, ақ халаттылардың ұшаққа неліктен бірден кіре алмағанын да айтып берді.

«Жедел жәрдем көліктері бірінен соң бірі келіп жатты. Ал апат болған жерге бірден кіргізбеуге келетін болсам, төтеншеліктер ұшақ құлаған жерді зерттеу керек. Ол дәрігерлердің қауіпсіздігі үшін жасалады. Содан кейін барып қана басқа қызмет мамандары ұшақ құлаған орынға жіберіледі», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан НАДЫРОВ.


Вице-министр жарақат алғандар жатқан қаладағы барлық аурухананы аралап, өз көзімен көріп шыққан. Оның айтуынша, науқастардың жағдайы тәулік бойы медицина қызметкерлерінің бақылауында. Жергілікті дәрігерлерден бөлек, елордадан да білікті мамандар келген. Соңғы мәлімет бойынша,  стационарларда 47 адам бар, оның 8-і өте ауыр жағдайда. 38-іне орташа ауыр деген баға беріліп отыр. Жалпы, апаттан 67 адам түрлі жарақат алған. Оның 49-ы жедел жеткізілген. 9-ы бала екенін де айта кетейін. 5 науқас алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық емге ауыстырылыпты.

«12 адам қайтыс болды. Оның 8-і оқиға орнында көз жұмған. Екеуі жолда, тағы екеуі жарақаттарының ауырлығынан тіл тартпай кетті. 10 адамға жедел ота жасалды», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан НАДЫРОВ.

Новости партнеров