Әнші Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданының Майбұлақ ауылында туып-өскен
Қазақстандық танымал әнші Гүлнар Сиқымбаева өмірден өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Әнші туралы қаралы хабарды журналист Оралхан Дәуіт желідегі парақшасында жазды.
«Қайран, Гүлнәр әпке…Бір ауылда туып-өссек те жүзбе-жүз сөйлесуді Алла Тағалам жазбаған екен. Телефон арқылы талай мәрте әңгімелесіп, сұхбат та алдым. Өте ашық жарқын, керемет жан едіңіз.
Өмірден ерте өткен анаңыз туралы жиі айтып, мұңайып қалушы едіңіз. Енді міне, аяқ астынан анаңыздың артынан аттанып кете барыпсыз…
Алла Тағалам о дүниеңізді берсін.
Ағайын, бүгін белгілі әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Гүлнар Сиқымбаева қайтыс болды.
Жаназасы ертең Түркістан облысы Төлеби ауданы Жамбыл ауылында өтеді», - делінген жазбада.
Гүлнәр Сиқымбаева Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданының Майбұлақ ауылында туып-өскен.
1985 жылы «Гүлдер» ансамбліне қабылданып, өнер көрсеткен. Қазақ, орыс, түрік, тәжік тілдерінде әндері бар.
«Мен саған өкпелемеймiн», «Бишi қайың», «Қыз-қарағай», «Сары бидай», «Мен деп ойла», «Сүйген жүрек», «Туған жер», «Наркескен», «Күз секiлдi» сияқты танымал әндерді орындаған.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі.
Оқи отырыңыз: Паратаэквондодан Қазақстанның екі дүркін әлем чемпионы өмірден өтті