|
16.11.2021 | 13:58
7520

Гавайи аралдарында бір күн қазақстандық жігіттің құрметіне арналды

28 жастағы Ақжан Аңсағанов әйелді суицидтен құтқарып қалды

Гавайи аралдарында бір күн қазақстандық жігіттің құрметіне арналды

АҚШ-та 28 жастағы Ақжан Аңсағанов әйелді суицидтен аман алып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға туралы журналист Талғат Алманов Instagram-парақшасында жазған. Ол Ақжанның әйелді қалай құтқарғаны түсірілген видеоны жариялаған. Оның айтуынша, оқиға 2 қарашада Гавайи аралдарының Гонолулу қаласында болған.

Ақжанның айтуынша, оқиға күтпеген жерден болған.

«Мен үлкен тасжол үстінен өтетін көпір бойымен келе жатқанмын. Қатты ашуланған 35-40 жастағы әйел маған қарай келе жатты. Алдымен қасынан өтіп кеттім, кейін артыма бұрылып, дұрыстап қарадым. Сол кезде ол көпірдің шетіне шығып, құлайын деп тұрғанын көрдім», - дейді Ақжан.

Ол жан-жағына қарап, көпір астындағы полицейлерді байқаған. Бірақ олардың назарын аударуға тырысқанымен, үлгермейтінін білген.

«Сол сәтте басымда түрлі ой болды. Күшім жетпей, құтқара алмай қалсам ше? Шетелде жүрген мен үшін бұның арты жақсылыққа апармаса ше? Полицейлер көпір астында тұрып әйелге жақындамауымды бұйырды. Бірақ мен олардың бұл жағдайда дәрменсіз екенін түсіндім, ең жақын тұрған мен едім.

Өмірімнің соңына дейін өкінгеннен гөрі дәл қазір тырысып, құтқарғаным жақсы деп ұйғардым. Жүгіріп барып әйелді ұстап алдым. Соңында өтіп бара жатқандар көмектесті. Полицейлер келгенге дейін оны шығарып алдық», - деді Ақжан.

Қазақстандық жігіт бұл оқиғаны ешқайда жарияламаған. Ол бәрі аман қалғанына, бәрі ойдағыдай аяқталғанына қуанышты екенін айтты. Кейін бұл оқиға туралы Гонолулу мэрі Рик Бланжардиге хабарланған. 8 қарашада ол Ақжанға алғыс хат табыстап, бұл күнді Гавайи аралындағы Гонолулу қаласында Ақжан Аңсағановтың күні деп жариялады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир