|
16.07.2024 | 19:46
1216

Аптап ыстық: Атырауда сынап бағанасы +50 градусқа көтерілді

Мамандар күннен қорғанудың бірнеше әдісін айтты

Аптап ыстық: Атырауда сынап бағанасы +50 градусқа көтерілді Фото: elements.envato.com

Атырауда соңғы екі аптада бұрын соңды болмаған аптап ыстық басталды. Өңірде сынап бағанасы +50 градусқа дейін жеткен. Ауа температурасының күрт көтерілуі көпшіліктің денсаулығына да әсер етпей қоймады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

Аптап ыстықтан тұрғындар желдеткіш қосып, шама-шарқы келгенше қорғанып жатыр. Көпшілік далаға шықпауға тырысады. Алпысты алқымдаған зейнеткер Қамзия Салихова ауа райында қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Зейнеткер «ми қайнатар ыстықта жүрудің өзі мұңға айналды» дейді. Дер кезінде дәрігер кеңесіне жүгініп, қан қысымын қалыпқа келтірген.

– Күн ыстық, жүру мүмкін емес. Ауруханада туысым жатқан, соған жеткенше өлуге айналдым. Дәрігерлерге қан қысымымды өлшетіп отырмын, – деді қала тұрғыны Қамзия Салихова.

Бұл күндері жедел жәрдем қызметінің жұмысы қауырт. Күніне тұрғындардан 1000-1300ден аса қоңырау түседі.

– Тұрғындар көп хабарласып жатыр. Екі ауысыммен жұмыс істейміз. Жүрек ауруы, қан қысымы мазалайды. Ішек, іш аурулары да аз емес. Көмек көрсетіп жатырмыз, – деді Медициналық жедел жәрдем стансасының фельдшері Құралай Искакова.

Мамандар күннен қорғанудың бірнеше әдісін айтты. Әрі мұндай аптапта далаға шықпауға кеңес береді. Әсіресе жасы үлкен зейнеткерлер мен аяғы ауыр келіншектерге барынша сақтану қажет.

– Ауа райының қолайсыз кезінде сақтанған жөн. Әр адам өзімен бірге су алуы керек. Күннен қорғанатын киім киюі керек. Аптап ыстықта үлкен кісілер мен балалардың үйден шықпауын сұраймыз, – деді облыстық Медициналық жедел жәрдем станциясының жедел бөлім меңгерушісі Анар Аубакар.

Ал синоптиктертердің айтуынша, аптап ыстық ай соңына дейін сақталады. Яғни, түнде 28-33 градус ыстық болса, күндіз күн райы 48-53 градусқа дейін көтеріледі.

– Үшінші онкүндікте түндегі ауа температурасы 23 градустан 28 градусқа дейін көтеріледі. Ал күндіз 40-52 градустан асады. Айдың аяғына дейін ыстық болады, – деді инженер-синоптик Динара Жүсіпова.

Тұрғындарға смс хабарламалар арқылы қатты ыстық пен өрт қаупіне байланысты ескертулер келіп жатыр. Ең бастысы, дәрігер кеңесін тыңдаған жөн.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Италияда аптап ыстықтан 4 адам көз жұмды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир