Жантүршігерлік автобус апаты: жолаушы көз жұмды

Almaty.tv
Almaty.tv
Зардап шеккендер арасында кәмелетке толмағандар да бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қоғамдық көліктің қатысуымен болған жантүршігерлік жол апатында бір жолаушы қайтыс болды. 25 адам түрлі жарақат алды, зардап шеккендер арасында кәмелетке толмағандар да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаға ұстатарлық жол-көлік оқиғасының видеосы әлеуметтік желіге тарады. Бейнебақылау камераларына түсіп қалған кадрлерді қарасаңыз, екі жүргізуші бірін-бірі байқамағандай қарсы бағытқа ілгерілей берген. Киа автокөлігін тізгіндеген әйел оңтүстікке қарай жүріп, Мақатаев көшесін кесіп өтпек болады, сол мезетте шығысқа қарай бет алған №18 бағыттағы қоғамдық көлікпен соқтығысады. «City-Bus» жеке тасымалдаушысына тиесілі автобус жаяу жүргіншілер жолағына шығып, кедергілерге соғылды.

Сұмдық жол-көлік оқиғасы Мақатаев пен Сейфуллин көшесінің қиылысында болды. Алдын ала белгілі болған мәлімет бойынша, ойын-сауық орталығының тұрағынан  шыққан көлік пен қоғамдық көлік соқтығысып, салдарынан автобус дүкен мен дүңгіршекке соғылды. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, бір жолаушы оқиға орынында жан тапсырды. Автобусты көлік тұрғына алып кетті, айналадағы көшелер жартылай көлік қозғалысы шеттетілді.

– Жол-көлік оқиғасына автобус жүргізуші кінәлі деп ойлаймын. Ол қатты жүргендіктен, бірден көлікті тоқтата алмай біраз жерге барды, – деді куәгер Асхат.

– Кеңседе отырып, кенеттен қатты соққының дыбысын естідік. Бірден шығып қарадық, апат болып, автобустан қара түтін шығып жатты. Көшеде кетіп бара жатқан адамдар әйнектерді сындырып, ішіндегі адамдарды шығарды, – деді куәгер Никита Чупрынин.

Жантүршігерлік жол апатында бір жолаушы жедел жәрдем жеткенше жантәсілім етті. Зардап шеккен 25 адамның екеуі амбулаторлық емге жіберілді. Науқастардың жағдайы орташа ауыр, жарақат алғандардың ішінде 14, 15 және 16 жастағы жабық сынық алған жасөспірімдер бар.

– Қазіргі таңда 22 науқас стационарлық емге ауруханаға жеткізіліп, ем-дом алып жатыр. Тексерістер өткеннен кейін кім стационарға жатқызылады, кімнің амбулаторлық ем қабылдауға жіберілетіні анықталады. Барлық науқас қажетті медициналық көмек алып жатыр, – деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ләйлә Иманғалиева.

– Адам өліміне әкеліп соққан жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-тармағы бойынша іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазір қалалық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, сараптамалар жүргізе бастады. Ірі жол апатында көз жұмған азаматтың жеке басы анықталып жатыр.

Әйкерім Пернебек, Медет Саматұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда адам өліміне әкеліп соққан жол апаты орын алды

Новости партнеров