Алаяқтардың ықпалымен рәсімделген берешек кешіріледі

Almaty.tv
Almaty.tv
8 миллион қазақстандықтың кепілсіз тұтынушылық несиесі бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Заңдағы өзгерістер күшіне енсе, алаяқтардың ықпалымен рәсімделген берешектер кешіріледі. Ал банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың қарызын коллекторлық агенттіктерге бере алмайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Заңға өзгеріс енгізілмей тұрғанда банк омбудсманы тек ипотекалық несиеге байланысты мәселелерге араласа алатын. Жаңа ережеге сәйкес, азаматтар белгілі бір себептерге байланысты қиын жағдайға түссе, ақысыз көмек көрсететін омбудсманға жүгіне алады. Ол заңнамалық тұрғыда жұмыс істейтіндіктен, қаржы ұйымдары оның ұсынысына құлақ асады. Банк омбудсманы қарызы бар азаматтарға несиенің мерзімін ұзартуға, мүмкіндік болса пайызын азайтуға, тіпті несиесін уақытша тоқтата тұруға жәрдемдесе алады.

– Біздің мақсатымыз – қарызгерге банктің, банкке қарызгердің жағдайын түсіндіріп, келісім жасау. Бұрын азаматтарға көмектесе алмайтынбыз. Кеңес айтып, жолын көрсететінбіз. Ал заң қабылданғаннан кейін нақты шешімін көрсете аламыз, – деді ҚР Банк омбудсманы Дархан Нұрпейісов

Жаңа заңға сәйкес, 90 күннен асқан берешегі бар тұлғаларға кепілсіз тұтынушылық қарыздар беруге тыйым салынады. Алайда оны қайта қаржыландыруға бұл тыйым жүрмейді.

Айта кетейік, бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, 8 миллион қазақстандық азаматтың кепілсіз тұтынушылық несиесі бар. Сарапшылар «қарызға белшеден батқан халық үшін заң тұрғысынан қолдау керек» дейді.

– Несие алуға тежеу мәселелерінен гөрі, менің ойымша, азаматтардың табысын арттыруға көбірек көңіл бөлінуі керек деп есептеймін. Бұл – қоғамдағы ең негізгі мәселе. Сондай-ақ несие пайызының жоғары болуы – өзекті. Шындап келгенде бұл фактор азаматтарға ауыртпалық артып отыр. Жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме 56 пайыздан 44 пайызға дейін төмендетіп жатыр. Бірақ ол да жоғары, – деді экономист Мақсат Халық.

Заң жаңашылдықтарының тағы бірі - кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және І, ІІ топ мүгедектерін жылыту маусымында, яғни қыс кезінде жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынады. Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар бұған дейін банк балансына өтіп кеткен жалдамалы баспанасын кері сатып алу құқығына ие болады.

Сондай-ақ жаңа өзгерістерге сәйкес, онлайн қарыздар бойынша міндетті түрде биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Бұл өз кезегінде алаяқтық әрекеттерден қорғаудың кезекті бір амалы болмақ.

Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап, алаяқтардың ықпалымен рәсімделгенін дәлелдейтін сот актілері бар берешектер кешіріледі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы қол қойған осы және тағы да басқа өзгерістер жария етілгеннен соң 60 күннен кейін қолданысқа енеді.

Жансая Олжабек, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Несие алып береміз: Ұлытауда алаяққа алданғандар шағымданды

Новости партнеров