Несие алып береміз: Ұлытауда алаяққа алданғандар шағымданды

Almaty.tv
Almaty.tv
Облыста биыл 126 алаяқтық іс тіркелген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысының бірнеше азаматын қарызға батырған алаяқтар кезекті құрбандарын «аз пайызбен несие алып береміз» деп алдаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаржысынан айырылып, сан соққан азаматтың бірі – Аяулым Төлеуова. Ол былтыр 15 ақпанда Орал қаласында отырып, «бизнесті ұлғайту үшін аз пайызбен несие алып беремін» деп уәде еткен азаматқа алданғанын айтады. Бұл қызметі үшін әлгі әккі 3 млн теңге сұраған. «Аз уақытта мол қаражатқа қол жеткізем» деп ойлаған зардап шегуші алаяққа ақшаны терминал арқылы аударған. Содан ұшты-күйлі жоғалғанына 1 жарым жылға жуықтады. Не ақшасын, не төмен пайыздағы несиесін ала алмаған тұрғын құқық қорғау органдарына шағым қалдырған.

– Мамандардың біліксіздігі салдарынан құжаттарым дұрыс тіркелмей қалған. Мамырда қайтадан арыз жаздым, қанша уақыт жоғалтым. Іс тергелу үстінде деп айтып жатыр. Зардап шеккен 20 адам бар. Солардың шығынын есептегенде 100 млн теңгеден асады. Сол себепті осы істі құқық қорғау органдары, прокуратура сот өкілдерінен көмек сұраймыз, – деді облыс тұрғыны Аяулым Төлеуова.

Бір емес бірнеше жанның ақшасын қалтасына басқан алаяқ осылайша құмға сіңген судай таптырмай кеткен. Аталған жағдай бойынша Сәтбаев қалалық прокуратурасына хабарласып көрдік. Олардың айтуынша, арыз қабылданып, қылмыстық іс қозғалған.  

– Арыздың негізінде қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданып, мүдделі тұлғаларға хабарланады. Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз дереу полиция бөліміне немесе қала прокуратурасына хабарласыңыз, – деді Сәтбаев қалалық прокуратурасының прокуроры Ерқосай Қанай.

Мамандардың сөзінше, оңай олжаға кенелгендерді қолға түсіру де оңай шаруа емес. Олар қылмысты басқа қалада немесе басқа елде отырып жасайды. Зардап шеккендер де кеш шағымданатын көрінеді. Мұның бәрі іздеу жұмысына кедергі келтіреді.

Айта кетейік, Ұлытау облысында биыл 126 алаяқтық ісі тіркелген. Оның 56-сы Сәтбаев қаласында.

Алтынгүл Төлегенова, Құрмет Қожахметов, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Маңғыстау атом электр стансасында заң бұзылған

Новости партнеров