|
18.07.2024 | 18:00
64

Еркімнен тыс алып қашты: маңғыстаулық бойжеткен тергеушілерге неге сенбейді

Полиция департаменті тергеп-тексеру жұмыстарын тоқтатқан

Еркімнен тыс алып қашты: маңғыстаулық бойжеткен тергеушілерге неге сенбейді Almaty.tv

«Еркімнен тыс көлікке тиеп, алып қашты». Маңғыстауда 21 жастағы жәбірленуші әділдікке қол жеткізе алмай, редакциямызға хабарласты. Ол осыдан үш ай бұрын өзін алып қашпақ болғандардың әлі күнге дейін бостандықта тайраңдап жүргеніне наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жүзін жасырған Жансұлу сол күнгі оқиға әлі көз алдымда деп қорқынышпен еске алады. Жағдайдың қалай болғаны бейнежазбаға да түсіп қалған. Кадрдан Жансұлудың жан дауысымен айқалап, қарсыласып жатқанын аңғаруға болады. Іле-шала қызды екі ер адам көлікке қарай сүйрелеп апарып, тиеп алады. Ал жәбірленуші мұны ұйымдастырған құрбымның таныстары дегенді алға тартты. Оның айтуынша, алып қашпақ болған жігіт – құрбысы тұрмысқа шыққан азаматтың достары. Болған жағдайдан кейін «көшеде еркін жүре алмай қалдым» деген қыз үйден шықпайтын болған.

– Подъезден түсе берген жерімде Алпамыс есімді жігіт кеуде тұсымнан қысып, жоғары көтерді. Қатты шошып кеттім. Жерге құладым, олар мені сүйреп, әрі-бері тартқылады. Аяғымнан көтеріп автокөлікке еркімнен тыс отырғызды, – деді жәбірленуші Жансұлу.

Көлік ішінде де, Жансұлу жанын шүберекке түйіпті. Себебі күш көрсетіліп, кеуде тұсымнан қысым алғанымда ауа жетпей, қиналған. Ақыр соңында қыз көліктің есігін ашып, секірмек болған. Сол сәтте ұрлықшылар қыздың әрекетінен қорықса керек, көлікті тоқтатып, қызды қинамақ болған. Бұл оқиғаны көрген куәгерлер де бар. Олар «араша болуға көмектесе алмадық» деп отыр.    

– Подъезден аттаған бойда екі бала екі қолынан ұстап, сүйрей жөнелді. Ол жерге жығылды, айқайлағанына қарамады. Көмектесуге еркек балалар жол бермеді, – деді куәгер.

Полиция департаменті аты шулы іске қатысты қылмыстық құқықбұзушылық болмағандықтан, тергеп-тексеру жұмыстарын тоқтатқан.

– Адам ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, істің мән-жайы толық және объективті тексерілді. Аталған іске қатысы бар тұлғалардан жауап алынып, тергеу әрекеттері жүргізілді. Тергеу нәтижелеріне сәйкес, тергеу органымен іс құрамында қылмыстық құқықбұзушылықтың болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылданды, – деді Маңғыстау облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Назым Қайрхан.

Ал Жансұлу тергеушілерге сенуден қалған. «Арым тапталды» деген ол бұл істің соңына дейін баруға бекініп отыр.

Оқи отырыңыз: Дактилоскопия: саусақ ізін тапсыруға кімдер міндетті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир