Дактилоскопия: саусақ ізін тапсыруға кімдер міндетті

Almaty TV
Almaty TV

Елімізде 500 мыңға жуық адамнан саусақ ізі алынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде жыл басынан бері 500 мыңға жуық адамнан саусақ іздері алынып, тіркеуге қойылды. ІІМ деректер тіркелген қор арқылы 300-ден астам мәйіттің жеке басын анықтаған. Костенко шахтасында болған өрт кезінде бірнеше адамның кім екені осы әдіс арқылы анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дактилоскопия – саусақ іздерін тіркеп, бір жүйеге енгізу. Биыл базаға 445 мың адамның жеке дерегі сақталған. Бұл көрсеткіштің 77 мыңы қазақстандық, ал қалғаны шетел азаматтары. Біздің тұрғындар үшін саусақ іздерін тіркеу ерікті түрде жүрсе, шетелдіктерге бұл міндетті. Егер бас тартса, елден шығарып тастайды.

Шетел азаматтары Қазақстанда тұруға рұқсат аларда, жеке куәлікке өтінім берерде, пана іздеген адам мәртебесін аларда және виза аларда саусақ ізін тапсыруға міндетті. Олар саусақтарымен қоса, алақанын да толық түсіру керек.

Айта кетейік, қолында мүкістігі бар азаматтар мұндай тіркеуге алынбайды.

– Дактикаскопиялық тіркеу адамның құқығын қорғау үшін, жеке басын, мемлекеттің қауіпсіздігі, және қылмысқа қарсы күрес аясында қолданылады. Дактикоскапиялық ақпаратты құқық қорғау қызметтері және арнайы қызметтер арнайы сұраныс арқылы алуға құқылы, – деді ҚР ІІМ Жедел криминалистикалық департаменті бастығының орынбасары Ержан Танкеев.

Ержан Танкеевтың сөзіне сенсек, азаматтардың деректері қауіпсіз жерде сақталады. Оны тек хат жолдап, сұрау салып қана ала алады. Ал киберқауіпсіздік саласының шолушысы Абылай Исин «саусақ іздері сақталатын жүйенің қауіпсіздігін жыл сайын жаңартып, арам пиғылдылардан бір қадам алда жүру керек» дейді.

– Деректердің маңыздылығына байланысты жүйеге шабуыл жасалады. Қаржылық шығындар, банктік ақпараттар және маңызды дүниелер сақталса, шабуыл жасалуы мүмкін. Кез келген жүйенің қауіпсіздігін бұзуға болады, барлығы ондағы ақпараттардың бағасына байланысты, – деді киберқауіпсіздік саласының шолушысы Абылай Исин.

Ал тұрғындардың көбі мұндай тіркеуге алуды қолдайды. Көпшілігі саусақ іздерін ақпараттық жүйеде тіркеу - қылмыскерді табуға көмектеседі деп сенеді.

- Қажет деп ойлаймын, себебі қылмысты ашуға септігін тигізеді, – деді қала тұрғыны.

Дактилоскопиялық тіркеуге балалардың да деректерін енгізу көзделгенін айта кетейін. ІІМ тиісті ұсынысты ашық талқылауға шығарды. Онда 12 мен 16 жас аралығындағы балалардың саусақ ізін тіркеу мәселесі жазылған.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: 
Алматы полициясы 8 мың вейпті тәркіледі

Новости партнеров