|
24.04.2024 | 22:22
967

Олжас Бектенов Атырауға әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізуді тапсырды

Жергілікті билік Жайыққа келген суды Каспийге қарай бұру жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр

Олжас Бектенов Атырауға әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізуді тапсырды primeminister.kz

Атырауда тасқынға байланысты жағдай әлі де күрделі. Себебі, Ресейдің Ириклин қоймасынан көп көлемде су келіп жатыр. Бүгін өңірге арнайы сапармен барған Премьер-министр Олжас Бектенов аймаққа әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізіп, күштерді арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Батыс Қазақстандағы тасқыннан кейін ағын су өзен арнасымен Атырау облысына қарай жылжып, Каспий теңізіне құяды. Соңғы тәулікте батыстан келетін судың әсерінен Атырау қаласында су деңгейі 6 сантиметрге көтерілген. Қазір тасқынның алдын алу шараларының 92 пайызы орындалған. Жұмысты тиімді жүргізу үшін шаһар 111 секторға бөлінген. Ұзындығы 482 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, аяқталған учаскелер техникалық қадағалау арқылы тексерілді. Жергілікті билік Жайыққа келген суды Каспийге қарай бұру жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр.

– Облыс әкімдігі арнайы техникалар жұмылдырды. Қазіргі таңда 5 бірлік техника Жайықтың сағасында Каспийге құяр тұсында жұмыс істеп жатыр. Олардың мақсаты – қалыптасқан 50 см тереңдікті 2 метрге жеткізу. Жайықтан ағатын, Каспийге құятын судың қарқынын жылдамдату, – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Атырау облысында 15 каналдың 14-і Жайық өзені бойында орналасқан. Төрт жүйеде тасқын судың өздігімен ағуына мүмкіндік бар. Осыған байланысты суды бұру үшін жер бедерін пайдалану мақсатында арналар тазартылып, каналдың жиегі бұзылады. Қазір құтқарушылар, төтеншеліктер, еріктілер мен облыс тұрғындары тәулік бойы бөгет тұрғызып жатыр.

Оқи отырыңыз: Су тасқынынан құтқарылған қанша тұрғын үйіне оралды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир