Сауд Арабиясында ұлы ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Сөз алған қатысушылар әл-Фарабидің өмір жолы мен ғылыми еңбектеріне қатысты өздері жүргізген ізденістері туралы жан-жақты баяндады

Сауд Арабиясында ұлы ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті  Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі Король Фейсал атындағы Исламдық зерттеу орталығымен бірлесіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен «Әбу Насыр әл-Фарабидің адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық конференция өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Іс-шара жұмысына Король Фейсал атындағы Исламдық зерттеулер орталығының басқарма төрағасы ханзада Турки әл-Фейсал әл Сауд, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Бас хатшысының ғылым және технология мәселелері жөніндегі орынбасары Асқар Мусинов, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ирактық жазушы Рашид әл-Хайун, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі, бірқатар саудтық философтар мен ғалымдар қатысып, баяндамалар жасады. 

Конференция ашылуында сөз сөйлеген Елші Берік Арын күллі мұсылман жұртының мақтанышы, Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын дәріптеу және әлемге паш ету мақсатында Қазақстанда және шет елдерде өтіп жатқан кең ауқымды мерейтойлық және ғылыми-практикалық шаралар туралы айта отырып, олардың, Мемлекет басшысы атап өткендей, рухани жаңғыруда және жастардың құндылықтарын қалыптастыруда ерекше маңызға ие екенін айтты. 

Сонымен қатар, дипломат ғалым бабамыздың мирасы туралы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы ойшыл әл-Фараби есімі еліміздің имиджін әлемдік деңгейге көтеруге ықпал ететін аса құнды рәміздік капитал» деп атап өткенін жеткізді. 

Өз кезегінде ханзада Турки әл-Фейсал әл-Фарабидің әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға екендігін және оның еңбектері адамзат өркениетінің дамуына орасан зор үлес қосқанын атай отырып, оны исламдық философияның негізін қалаушылардың бірі және жаһандық білім мен ғылымды жанжақты байытуға оң серпін берген ғұлама ұстаз деді. 

А. Мусинов осы мерейтойға орай ИЫҰ шеңберінде атқарылып жатқан шаралар, соның ішінде ү.ж. 27-28 қарашада Нигер Республикасының астанасы Ниамейде өткен Ұйымға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 47-ші сессиясы барысында қазақ тарапының ұсынысымен әл-Фарабидің 1150 жылдығын ұйым шеңберінде мерекелеуге қатысты бастамалары қолдау тауып, арнайы қарар қабылданғандығын хабарлады. 

Сөз алған басқа қатысушылар әл-Фарабидің өмір жолы мен ғылыми еңбектеріне қатысты өздері жүргізген ізденістері туралы жан-жақты баяндады. Осы ретте Король Фейсал атындағы орталықтың сирек кітаптар бөлімінің басшысы Омар Тамалат орталық қорында әл-Фарабидің бірнеше еңбегінің қолжазбалары мен 90-ға жуық көшірмелерінің сақталғандығын, хабарлап, оларды қазақстандық ғалымдар өз ізденістерінде пайдалануына болатынын мәлімдеді.

Bólisý


Жаңалықтарды қалт жібермеңіз!