Газдалған тәтті сусындардың адам ағзасына зияны қандай

Мира Байбек
Газдалған тәтті сусындардың адам ағзасына зияны қандай

Дәрігерлер мұндай сусын көлемін барынша азайтуды ұсынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Гастроэнтеролог дәрігерлер газдалған сусынның зардабы тіске айрықша әсер ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Известия» басылымының жазуынша, қантты сусындарды шамадан тыс тұтыну адам ағзасында көптеген ауру тудырады.

«Газдалған сусындардың құрамында қант қана емес, тіс эмалін жұмсартатын қышқыл да бар, соның салдарынан тісжегі ауруы пайда болады. Әсіресе эмаль қабаты жұқарақ болатын балалардың сүт тісіне қатты зиян келтіреді», - дейді гастроэнтеролог Екатерина Кашух.

Дәрігер тәтті сусындарды үнемі тұтынып жүру салмақтың артуына және қант диабетінің пайда болуына әкеп соғатынын атап өтті. Бір құты газдалған сусынның құрамында орта есеппен 35 грамм, яғни шамамен алты шай қасық қант бар. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған қанттың тәуліктік мөлшерінен жоғары көрсеткіш.

Гастроэнтерологтың айтуынша, көптеген қантты сусындар өндірісінде тәтті дәм ретінде фруктозасы көп жүгері шәрбаты қолданылады. Көмірсулардың бұл түрі тек бауыр арқылы сіңіріледі. Фруктозаны шамадан тыс тұтыну кезінде бауыр оны майға айналдырады, ол май ағзада жиналып, біртіндеп бауырды май басуға әкелуі мүмкін. Соның салдарынан уақыт өте келе цирроз пайда болуы ықтимал. Сонымен қатар фруктоза қандағы зәр қышқылының деңгейін арттырады, бұл уақыт өте келе құяң, буынға тұз байлану ауруын туындатады.

«Глюкозаны шамадан тыс тұтыну жүрек-қан тамырлары ауруларын асқындырады, артық тәттілер бүйрек қызметіне теріс әсер етеді және теріде мезгілінен бұрын әжім пайда болады. Көптеген газды сусында кездесетін фосфор қышқылы кальцийдің сіңуіне кедергі келтіреді, соның салдарынан сүйек тығыздығы төмендейді. Ал көмірқышқыл газы асқазанның жұмысына теріс әсер етіп, асқазан қыжылын, кекіру, іш кебу сияқты жағымсыз жайттарды тудырады. Ал егер адам созылмалы асқазан-ішек ауруларымен ауырып жүрсе, онда ауруы тіптен асқынып кетуі мүмкін», - дейді дәрігер.

Дәрігерлер газдалған тәтті сусын көлемін барынша азайтуды ұсынады.  

Оқи отырыңыз: Жеке деректі жария етпеңіз: Егде жастағылар неге алаяқтарға көп алданады

Новости партнеров