Абайдың ағасы Тәкежаннан тараған ұрпақ ендігі уақытта Абай өмірі бүкпесіз зерттелсе екен дейді. Себебі Абай өмірін жазған жазушылар сол заманғы саясаттың құрбаны болған. Олар ақын өміріндегі кейбір жәйттарды бұрмалап жазған дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құсман Ғимранұлы – Абайдың ағасы Тәңірбердіден тараған ұрпақ. Тәңірбердіні «Абай жолы» романында Тәкежан деп береді. Құсман ағаның айтуынша, Тәкежаннан үш ұл туған. Екі баласы дүниеден ерте озып, тек Әзімбай атты баласы қалады. Ал Әзімбайдан он бала туып, оның бірі - Басари - Құсман ағаның атасы болып келеді. Басаридан Ғимран дүниеге келеді. Бірақ Ғимран Басаридің Берлеш деген інісінің қолында тәрбиеленеді. Қазақ зиялыларының ұрпағын түгел жою жүйесі жүрген кезде Құсман ағаның атасы Берлеш конфискацияға бағынбай Қытай жеріне өтіп кетеді. Сол кезде Берлешке Шәкәрімнің өзі баласын Зиятты аманаттаған екен.
«Шәкәрім атам Зиятты қосып, «мына ініңе ие бол, түптің түбінде елге келесіңдер» деп жіберген. Әлгі Шәкәрім атаның дәл сол күні атылатыны сол. Содан Шәкәрім атамды атылғанын естиді. Зият «менің әкемді атты» деп тұра шапқан кезде Берлеш аттың шаужайынан ұстайды да, жетектеп қаратпай алып кетеді. «Екеуміз де қолға түсеміз, өлеміз. Болар іс, болды», – дейді Абайдың ағасы Тәңірбердінің ұрпағы Құсман БЕРЛЕШОВ.
1931 жылы Алтайдың арғы жағына өтіп кеткен Құнанбай ұрпағы араға 24 жыл салып 1955 жылы елге оралады. Бұл кезде Құсман ағамыз небәрі 1,5 жаста болған екен.
«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан. Ол ерекше. Біздің Абайды бүкіл дүниежүзілік деңгейге көтеру үшін жасап жатқан жайы бар. Оған менің өзім ішім қуанып, жылиды да. Ал енді Абай атамыздың жанында жүрген туыстарының айтатын естеліктері көп. Әрхам атам айтты, Берлеш атам айтты. Бірақ қудалау көрді, жан-жаққа кетті. Байдың балалары деді. Бармаған жеріміз жоқ. Қаңғыды. Қытайға дейін өтіп кетті», – дейді Абайдың ағасы Тәңірбердінің ұрпағы Құсман БЕРЛЕШОВ.
Ал, Құнанбайдың алтыншы ұрпағы Нұргүл Әлішерқызы Абайды Мұхтар Әуезовтен бұрын ең алғаш рет танытқан адам Ысқақтың баласы Кәкітай дейді.
«Ол кісі 1909 жылы Абай өмірі туралы, Абай атаның өлеңдерін, сөздерін жинақтап, Петербургте кітап басып шығарған болатын. Өйткені Кәкітай Абай атаның қолында 18 жасқа дейін өмір сүрген. Атадан тәрбие алған. Атаның ақылын, өлеңдерін тыңдап, жатқа біліп өскен», – дейді Абайдың інісі Ысқақтың ұрпағы Нұргүл ЫСҚАҚОВА.
Құсман аға биылғы мерейтой аясында Абай өмірі, Құнанбай әулеті дұрыстап зерттелсе дейді. «Абай жолы» романын жазған Мұхтар Әуезов Құнанбай мен Тәкежан бейнесін жағымсыз жағынан бейнелеген деген пікірде. Бірақ бұл сол заманғы аяусыз саясаттың салдары екенін жақсы түсінеді.
Назкен Еркін, Мейрам Исабекоыв «Алматы» телеарнасы