Салтанатты шараға қала басшысы Бақытжан Сағынтаев пен танымал қаламгерлер, қоғам қайраткерлері қатысты. Қоладан құйылған мүсін Абайдың 175 жылдығына арналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Жетісу ауданында орналасқан «Гүлдер» саябағында қазақтың бас тұлғасы Абайға арналған мүсін бой көтерді. Ескерткіш-бюсттің биіктігі - 1,5 метр, ал іргетасы - 2,7 метр. Тұғыры граниттен қаланса, мүсіннің өзі қоладан құйылыпты. Айтулы рәсімге шаһар басшысы арнайы келіп, құттықтау айтты.
«Абайдың мерейтойы – Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің, қазақтың сөз өнерінің мерекесі. Оның өнегелі өмірі мен ғажайып туындылары халқымыздың игілігіне мәңгі қызмет ете береді. Баршаңызды қазақтың бас ақыны, ағартушы, философ, жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаевтың құрметіне орнатылған мүсіннің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Абайдың мүсінін толық жасауға бір жылдай уақыт кеткен екен. Алайда, ескерткіштің авторы танымалмүсінші Тілеуберді Бинашев белгілі себептермен шараға өзі қатыса алмады. Десе де суретшінің әріптестері оның бұл туындысына жоғары баға берді.
«Бұл кісі мына өзінің жұмыстарына жанын да береді. Тек қолы емес, жанын беріп істейтін жұмыскер. Ол кісі өзінің қосқан, көрсеткен үлесі. Оған бұл жаңағы ақша алып жатқан жоқ, ештеме сұраған жоқ. Жасап бер дегеннен кейін жасап беріп отыр. Ертеңгі күні біздің немерелеріміз, шөберелеріміз көріп мына Абай атасын көріп, жүрегінде сақтап жүрсе қандай керемет», - деді ҚР Көркем сурет академиясының президенті, суретші Амандос АҚАНАЕВ.
Мұндай игі бастамалар еліміздің өзге де қалаларына үлгі болса дейді зиялылар. Қаламгерлер Абай мұрасы тек бір жыл ғана насихатталмауы керек, Абай ұлттың кепілі болуы тиіс деген пікірлер айтылды.
«Абайдың өзі келсін десек ескерткішін қоюымыз керек екен. Сонда оның жанынан өтіп бара жатқан адам сол абызыменен, атасыменен күн сайын сәлемдесіп, жүрекпен тілдесіп Абайды көзіменен көргендей болады екен», - деді жазушы, кинодраматург Смағұл ЕЛУБАЙ.
Мәдени шара ағартушының 175 жылдық мерейтойы аясында қолға алынған. Бүгінде бұл ескерткіш Абайға арналған Алматыдағы төртінші мүсін болып есептеледі.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы.