|
16.09.2020 | 17:40
1827

Абай 175 жыл: 13 жасар композитор ұлы ақынға арнап музыкалық туынды шығарды

150-ден астам шығарманың авторы Абайды ерекше үлгі тұтады

Абай 175 жыл: 13 жасар композитор ұлы ақынға арнап музыкалық туынды шығарды Almaty.tv

Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығы аясында 13 жасар композитор «Абай» атты музыкалық туынды шығарды. 150-ден астам шығарманың авторы Абайды ерекше үлгі тұтады. Ал жастарға ақынды кеңірек таныту үшін ұстаздар қауымы мен ғалымдар арнайы әдістемелік құрал дайындап қойған. Толығырақ Almaty.tv тілші тарқатсын.

Бұл жас композитор Нұрәлі Бейсеқожаның өзі шығарған «Абай» туындысы. Ол мұндай музыкалық композицияны ұлы ақынның 175 жылдығына арнаған. Әр туындының өзіндік ерекшелігі бар, бірақ бұл әуезді әуенді шығарғанда ерекше күй керней түсті дейді Нұрәлі.

«Ойыма бір әуен келді. Соны фортепианода орындап көрдім. Осындай ұлы адамға, философқа шығарма арнап шығардым. Ол мен үшін - парыз», – деді жас композитор, пианист Нұрәлі Бейсеқожа.

Пианиноны 4 жасынан бастап ойнап жүрген жас өреннің бүгінде 150-ден астам музыкалық шығармасы бар. Ол Абайдың композиторлық қырына қызыға қарайтынын айтады.

Ал Нұрәлінің ағасы Ғаламат Бейсқожа ұлы ақынға «Абай толғауы» атты күй арнапты. Абайдың өлеңдерін жаттап, қара сөздерін оқып өстік дейді ол.

«Абай атамызды біз келесі ұрпаққа насихаттау керекпіз. Өйткені Абай сол заманда қазіргі болып жатқан мәселелерді де айтып кеткен. Ұлы ақынның қарасөздерін оқыған кезде көп нәрсені түсінуге болады. Жалпы әр қазақ баласы Абай атамызды тануы керек. Өлеңдері мен қарасөздерін оқу керек деп ойлаймын», – деді күйші, композитор Ғаламат Бейсеқожа. 

«Абайдың әрбір сөзінің астарын түсінген оқушыдан болашақта үлкен тұлға шығарына сенімдімін» деген пікірде жас ұстаз Динара Ғабитқызы. Ол «Абайтану» пәнінің әдістемелік бағдарламасын дайындауға атсалысқан мұғалімнің бірі. 5 пен 11-сыныптарға арналған пәнде Хәкім Абайдың «Толық адам» ілімі басты назарға алынып, әрбір өлеңі тереңдей түсіндіріледі дейді жас маман.

«Абай өзінің бір өлеңінде «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар. Көңілінің көзі ашық сергегі үшін» дейтін сөзі бар. Астарына үңілсек Абайдың сөзін кез келген адам ұға бермейді. Нағыз талапты көзі ашық, көкірегі ояу адам ғана ұға алады. Ал енді біз Абайды барлық оқушыға ұғындырсақ дейміз», – деді Абай атындағы республикалық мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Динара Орынбаева.

Жарқын болашақ пен рухани бай ұрпақ тәрбиелеу үшін «Абайтану» пәнінің маңызы арта түсері хақ. Қазір пәннің әдістемелік нұсқасы толық жасалып, Білім және Ғылым министрлігіне бекітілуге жіберіліпті. Ал әдебиеттанушы ғалымдар ақынды танып, оның шығармашылығын оқимын деген адам үшін қазір түрлі ресурстар да мүмкіндік те көп дейді.

«Абайды тану, оны насихаттау ұлт ретіндегі міндетіміз. Кем дегенде 1-2 өлеңдерін жатқа айтып, қара сөздерін жаттап мазмұнына мүмкіндігінше ұмтылуға тырысып бір-біріне таратып айтып жүрсе, онда Хәкімнің мұралары да болашақта ұмытылмайды деп есептеймін», – деді жазушы, әдебиеттанушы Әлібек Байбол.

Абай мен жастардың арасындағы байланыс үзілмес үшін түрлі шаралар ұйымдастырлып, бағдарламалар әзірленіп келеді. Мұның бәрі кемел тұлға мен  толық адам болып қалыптасуға бастар сара жол десек артық емес.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов « Алматы телеарнасы»

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир