|
10.01.2020 | 03:23
16009

Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді

Биыл ғұлама, ойшыл, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл

Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бас басылымына «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялады. Мемлекет басшысы өз мақаласында Абай мұрасының келер ұрпақ алдындағы теңдессіз рөлінің кешенді бағытын айқындап берді. Шығармада елдегі ғылым-білім саласын, тіл үйрену, арамдықтан ада болу, қоғамның рухани түлеуі хақындағы толғаныстарын білдірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абайдың «толық адам» концепциясын басты назарға алып, әлеуеттің әрбір саласына қолдануымыз керек екенін баса айтады. Абайды қазақтың басты тұлғалық бренді ретінде қалыптастыруға шақырып, осы орайда, 500-ден астам іс-шара ұйымдастыру керектігін жазған.

Президент  мақаласында шығарманы бес бөлікке бөліп, әрқайсысын Абайдың ойлы афоризмдерімен ұштастырған. Ұлы ойшылдың қазақты қайтсек жақсартамыз деген ұстанымы негізге алынған.

Естеріңізде болса, былтыр осылай басталған челлендж еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жалғасын тапқан еді. Тіпті шетелдің мәдениет өкілдері арасында да тараған болатын. Бұл жастарды заманауи түрде ақын әлемімен сусындаудың бір үлгісі болғаны сөзсіз. Енді биыл да Абайды тану тереңдей түспек.

Ұлттық болмыстың бірден бір тірегі ақыл мен сана болғандықтан, ғылым мен білімге зор көңіл бөлінбек. Әсіресе педагогтардың мәртебесі, бала тәрбиесі, тіл тақырыптарын қозғай отырып, кемел ұрпақ қалыптастыруды Абай салған сара жолмен байланыстыру керектігі айтылады.

«Мектептерден, балабақшадан бастап, қазіргі қоғамға біз Абайдың мұрасын кеңінен насихаттауымыз керек. Және оның ішіндегі негізгі ойларға жүгіне отырып, оны тереңінен тануымыз керек-тағы, жас ұрпақтың жүрегіне осы Абайдың өсиетін сіңіру керек. Осы тұрғыдан келгенде Президент өзінің бағдарламалық мақалаларында айтылған мәселелерін Абайдың мұрасымен қалай ұштасатындығына мән берген», - деді М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан МАТЫЖАНОВ.

Мақалада «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғандығын сөзге тиек еткен. Президент саяси жаңғыру процессіндегі жалаң ұрандар арқылы билікке жеткісі келетіндерді сынайды.

«Ал енді осы біздің қоғамда өсек, өтірік, мақтаншақтық азайды ма, қалай болып жатыр? Сондықтан Абай деген кезде тек әншейін ол кісінің өлеңін жаттап алып,  ол кісі туралы бір конференцияда бір баяндама жасау не ол кісі туралы бір жерде сөз сөйлеп шығу емес. Тіптен ол кісі арқылы өзіңді көрсету емес, өзіңді өзгеге көрсету керек кезде Абай сізге қандай қызмет етіп тұр?!», - деді ҚР ҰҒА академигі, абайтанушы Ғарифолла ЕСІМ.

Қоғамдағы масылдық, еңбек күшінің тұралап қалуы, ауылдардың жеткілікті деңгейде дамымай отыруы сонау Абай айтқан «толық адам» тұжырымдамасына сайып келеді. Бұл концепция кез келген саланың, яғни басқару мен білім жүйе­сінің, биз­нес пен отбасы институттары­ның негіз­гі тұғырына айналуы керек.

«Абайдың 175 жылдығына орай, Семей өңірінде гастрольде болып қайттық. Біздің театрға келіп жатқан жастар жағы сол жердегі Абайдың жүріп өткен жолы, тұрып жатқан жері, осы романдағы бүкіл қоныстарымын танысып-білсін деген болатынбыз. Ол сапар Ұлы Абайдың 175 жылдығына байланысты болғандықтан, жаман болған жоқ», - деді ҚР Еңбек сіңірген қайреткері, актёр Бекжан ТҰРЫС.

Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Ұлы ақынның шығармалары 10 тілге аударылып, ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм мен «Абай» телесериалы түсіріледі. Өнер саласы да өзгеше жанданып, шетелдік елшіліктер жанынан «Абай орталықтары» құрылмақ. Ғұламаның туған жеріне ерекше көңіл бөлініп, Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымын абаттандыру жоспарланған. Жидебайда музейге арнайы лайықталған «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салынады.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир