Абай Құнанбайұлының шығармалары әлемнің он тіліне аударылып, кітап болып әзірленді. Айта кетерлігі, ойшылдың туындылары жапон, неміс және испан тілдеріне алғаш рет аударылып отыр. Ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды жобаға 70-тей маман тартылған. Жинақтың ерекшелігі мен оның қашан оқырман назарына ұсынылатынын Almaty.tv тілшісі айтсын.
Абайдың 146 өлеңі, 3 поэмасы мен 45 қара сөзі ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдеріне аударылып таралуға әзір. Жинаққа ақын өлеңдеріндегі арнаулар мен жоқтаулар да кірген. Бұл бұған дейін болмаған көлемді еңбек саналады.
Әлемнің он тіліне аударылған Абайдың шығармалар жинағы осындай. Мұқабасы барлық тілде осылай бірдей етіліп басылып шығады. Кітаптың сыртын белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің немересі Дәурен Қастеев жасап шығарған. Әр тілдегі жинақ таралымы 3 мың данадан жарық көретін болады. Олар әлемнің жүздеген елдеріндегі ірі кітапханалар мен ғылыми орталықтарына жеткізіледі.
Жоба аясында аударма сапасына ерекше мән беріліпті. Тәржіма жұмысы мен жинақ басылымын ұйымдастыруға әр тілде сөйлейтін аса тәжірибелі мамандар, тиісті елдің мәдениеті мен әдебиетін таныстыратын, көркем аудармаға маманданған ең беделді баспа ұйымдары тартылған. Сондай-ақ ақын шығармашылығы көлемді түрде тұңғыш мәрте неміс, жапон, испан тілдерінде сөйледі. Осы жұмыстарға аудармашы Әлмағамбет Төреханов та белсене атсалысыпты. Ол ақынның 16 өлеңінен басқа барлық өлеңі мен поэмаларын қазақ тілінен неміс тіліне тікелей аударған. Тәржімалауға 6 айдай уақыт жұмсадым дейді маман.
«Ең күрделі шығармасы деп айтқанда мен «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақты» айтар едім. Оны немісше аудармақ түгілі қазақша түсіну қиын. Бүгінгі жастар оны мүлде түсінбейді деуге болады. Үлкен кісілердің өзі әзер түсінеді. Бұны мен бір апта бойы аудардым. Кейбіреулеріне 2-3 күн кететін болса, бұған бір апта ма, он күн бе сондай уақытым кетті. Шыдамдылық керек», – деді аудармашы Әлмағамбет Төреханов.
Жалпы Абайдың орыс тіліне аударылған туындылары ХХ ғасырдың басында-ақ жарияланған. Алайда отандық және ресейлік мамандар кеңесе отырып жинаққа Абай өлеңдерінің осы уақытқа дейін аударылған ең сәтті нұсқаларын кіргізуді ұйғарған. Әйтсе де ақынның өлеңдері мен поэмалары, қара сөздері орыс тіліне жаңадан аударылып қосылыпты.
«Күн-түнге қарамай біз кейбір жерлерін жиналып кеңесіп отырдық. Бұрын аударылған шығармаларға да, жаңа нұсқаларға да көңіл бөлдік. Барлығын жинаққа кіргізуге тырыстық. Мәселен, «Айттым сәлем қаламқас», «Көзімнің қарасы» сияқты өлеңдердің бірнеше нұсқасын енгіздік», – деді «Абай» шығармалар жинағының орыс тіліндегі құрастырушысы, аудармашы Бақытжан Қанапиянов.
Тағы бір атап өтерлігі, жоба аясында шығармалар алғаш рет ағылшын, араб, түрік, қытай, неміс және жапон тілдеріне қазақ тілінен тікелей түпнұсқадан аударылған. Тек испан, итальян, француз тілдеріне әлі де орыс тілі арқылы жол салуға тура келді дейді мамандар. Жобаны жүзеге асырып отырған «Ұлттық аударма бюросының» өкілдері кітаптар жуырда оқырмандарға жол тартады дейді.
«Алдағы шамамен бір айдың ішінде толықтай басылып шығады. Тарайды, жеткізіледі. Он шақты күн бұрын мемлекет басшысына көрсетілді. Редакциялық алқа қарап бекітіп берді. Жалпы аударма сапасына жақсы баға беріліп жатыр. Соның бір айғағы ірі тілдердегі осы аудармаға ерекше үлес қосқан бірқатар мамандар «Достық» орденімен марапатталып жатыр», – деді «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы.
Жоба жетекшісінің сөзінше жинақтың электрондық нұсқалары да арнайы сайттарға жүктеледі.
Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы