Абай шығармаларын ұрпақ санасына сіңіру – әр перзенттің парызы. Бүгін Наурызбай ауданында осындай тақырыппен Ұлы ақынның 175 жылдығына арналған әдеби-танымдық кеш өтті. Шараға Абайдың ұрпақтары, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудан басшылары, абайтанушылар және бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шараның мақсаты – мектеп қабырғасында білім алып жүрген жастардың Абай шығармаларына деген сүйіспеншілігін арттыру. Шара ұйымдастырушылары философтың өсиетіне келер ұрпақ құлақ асса, ел болашағы жарқын болмақ дейді.
«Мектеп қабырғасында жүріп бірінші кезекте Абайдың шығармаларын, өмір жолын, балалық шағын біліп өссе, кейініректе заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын қызыға оқып шығады», - деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан БИЖАНОВ.
«Абайдың қара сөзі бар ғой "Естілердің айтқанын ескеріп жүрсең, өзің де естілердің қатарынан боласың" деп. Бүгін жастардан бастап барлық орта буын өкілдері мүмкіндігінше түйіп тыңдап, ұғып алуға келіп отырмыз» - деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Ғани МАЙЛЫБАЕВ.
Шарада мектеп оқушылары Абай өлеңдері мен қара сөзінен үзінділер оқыса, аудан өнерпаздары театрланған қойылым көрсетті. Жиналған жұрт ұлы ақынның образын жиі сомдап жүрген танымал актер Болат Әбділмановтан қонақ кәде сұрады.
Абай өлеңдерін оқумен басталған кеш, оның «Қара сөздері» бойынша пікірталастармен жалғасты. Тыңдаушылар келген қонақтарға көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
Қуан Нұрақын, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы