Сондай-ақ, олар ғұламаның бұрын соңды ашылмаған, айтуға рұқсат етілмеген қырлары зерттелуі қажет деп санайды
Алматыда зиялы қауым өкілдері білім бағдарламасына «Абайтану» пәнін енгізіп, оны міндетті сабақтар қатарына қосу керек деген ұсыныс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, олар ғұламаның бұрын соңды ашылмаған, айтуға рұқсат етілмеген қырлары зерттелуі қажет деп санайды. Биыл Абайдың 175 жылдығы қандай бағытта атап өтілуі керек?
Жабал Алшынбекұлы тәуелсіздік алған жылдары Абайдың академиялық екі томдығын жарыққа шығаруға атсалысқан тұлғалардың бірі. Сол заманда ғалымдардың алдында ақынның өз қолымен арабша жазылған қолтаңбаларын аударып кітапқа басу міндеті тұрыпты. Сонда араб тілінен қазақшаға сауатты аударатын мамандар болмай қиналғандарын жасырмайды. Енді биылғы игі бастаманың аясында сондай олқылықтардың орны толарына сенеді. Зерттеуші ендігі кезекте ғалымды «Ақын Абайдан Хәкім Абайға» деген қағидаға негіздеп зерттеуді бастап кеткен. Бүгінде студенттерге арналған «Толық адам» тұжырымдамасын оқытудың формасын әзірлеп қойған.
«Егер ақыл мен қайратқа ғана сүйенсеңіз сіз жақсылық та жамандық та жасай бересіз. Ал тек қана жүрекке ақыл мен қайратты тең ұстап, не болмаса жүрекке бағындырсаңыз тек әлемде бейбітшілік орнап, тек жақсылыққа жұмыс істейсіз. Міне, осы «Толық адам» ілімінің ең басты концепциясы»,-деді Абай атындағы ҚазҰПУ «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, абайтанушы Жабал ШОЙЫНБЕТ.
Абайтанушы Жабал Алшынбекұлының сөзінше, қалаға Абайға арналған мұражай керек. Себебі ағартушымен терең танысу үшін қала тұрғындары Абай атындағы жоғары оқу ордасына жиі келеді екен.
Қаладағы Абай мұрасын елге танытудағы жалғыз мұражай-кабинет осы. Бұдан өзге шаһарда арнайы музейлердің жоқтығы көңіл көншітпейді. Ғалымдар Абайды тереңірек танудың екінші кезеңі басталды дейді. Бұл ұлттық құндылықтарымызды жаңаша зерделеуге жол ашпақ.
Зиялы қауым өкілдері «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласының өзегі - той тойлауда емес, ой ойлауда» дейді. Абайды әлемге таныту жолын алдымен бесіктегі баладан бастаған дұрыс деген пікірде. Ол үшін «Абайтану» пәнін оқу бағдарламасына енгізу өзектілігі туады.
«Жалпы «Абайтану» бүкіл балабақшадан бастап, мектептерде одан кейін Жоғарғы оқу орындарына дейін «Абайтану» курсы жүруі керек. Сол ортаға бейімделіп, оқулықтардың бәрі мысалы балабақшадағы балаға болсын, мектепте болсын, Жоғарғы оқу орындарына болсын Абай туралы оқулықтар соған бейімделіп жазылуы, оқытылуы керек»,-деді «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, Алматы қаласының мәслихат депутаты, Қали СӘРСЕНБАЙ.
Президент мақаласында интеллектуалды ұлт болып қалыптасу үшін «Артық білуге талап қылу» қажеттігін айтады. Сондықтан да Абайды ұлттың темірқазығына теңейді.
«Абай сол кезде білім мен ғылым екенін, әсіресе қазақ халқына тікелей әсер ететінін сол кезде білді. Маңыздылығы жойылған жоқ. Жанданып келеді деп айтуға болады. Қазіргі бәсеке заманында ғылым мен білімді дамытпасақ онда біз инновациялық-экономика құра алмаймыз. Оған жан-жақты қандай саланы дамытамыз соны белгілеуіміз керек»,-деді Қоғамдық кеңес төрағасы, Рахман АЛШАНОВ.
Биылғы Абайдың 175 жылдығына орай еліміздің белгілі балуаны Жақсылық Үшкемпіров Семей өңірінде дүбірлі жарыс өткізуді қолға алған. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр екен.
«Ол кейінгі жастарға үлгі ретінде менен кейін тағы да олимпиада чемпиондары шығады деген ниетпенен, осы бір жағы Абай атамыздың, бабамыздың әруағы үшін, оның істеген жақсылықтарын жалғастыра отырып осындай үлкен іс-шаралар өткізуіміз керек. Бұл тек қана спорт емес, барлық салада да. Сондықтан біз кім екенімізді кейінгі ұрпаққа айтып отырамыз»,-деді Қазақстанның еңбек ері, олимпиада чемпионы, Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ.
«Бүгінде әлем сағат сайын өзгеруде. Ақыл-оймен ғана озатын уақыт келді. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлт мүддесімен сабақтастыра білуді талап етеді» деген болатын Президент мақаласында. Ендеше, Абай айтқан «Нұрлы ақылды» дамытатын заман туғаны сөзсіз.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы