«Қазақмыс» ұжымы Республика күніне орай қазақстандықтарға ерекше құттықтау арнады

inform.kz
inform.kz
Олар үш түрлі құттықтау бейнебаянын дайындаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Барлық ұлттық мерекені асқан ұйымшылдықпен атап өтуді дәстүрге айналдырған «Қазақмыс» корпорациясының ұжымы қазақстандықтарға атаулы күнге байланысты үш түрлі құттықтау бейнебаянын дайындады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Алғашқы құттықтау бейнебаянында «Қазақмыс» корпорациясы «Еңбек» кәсіподағының қызметкерлері Республика күніне орай Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» патриоттық әнін орындады. Құттықтауды Facebook желісінде жариялаған корпорация қызметкері Нұрболат Базарбекұлы ұжым атынан мынадай өлең жолдарын жазған:

Жарқырап жанған күндей азаттығы,

Көрінер ұлтымның да ғажаптығы.

Республика күнімен құттықтаймын,

Өйткені ол - Ұлт күні, Қазақ күні!

Құттықтауды жылы қабылдаған желі қолданушылары жазба астында ақ тілегін жаудырды.

«Ұлылар мекені - Ұлытау! Дами беріңіздер», «Құтты болсын, еліміз жарқырай берсін», «Қазақ елім аман болсын», - деп жазған пікір қалдырушылар.

«Атамекен» әніне тағы бір құттықтау бейнебаяны Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Атырау және Қарағанды облыстарында түсірілді. Оған 700-ден астам қазақстандық атсалысты. Бұл ауқымды бастамадан «Қазақмыс» ұжымы да қалыс қалмады.

Патриоттық әнді «Ембімұнайназ» кәсіпорнының мұнайшылары, Т.Күзембаев атындағы шахта кеншілері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің сарбаздары, Ұлттық ұлан әскерилері, Алматы халықаралық әуежайының қызметкерлері, Қарағанды машина жасау зауытының көлік құрастырушылары, теміржолшылар, «Родина» агрофирмасының мамандары, тігіншілер және Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен өнер, спорт мектебінің тәрбиеленушілері қазақстандық әншілермен бірге орындаған.

«Көзіме еріксіз жас келді, қуаныштан жылап алдым. Еліміз, тәуелсіздігіміз мәңгі болсын», «Керемет шығыпты, осындай елде қазақ болып келгенімізге Аллаға сансыз мақтаулар болсын», «Керемет клип, азаматсыңдар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - деп жазған YouTube қолданушылары.

Корпорацияның ұйымшыл қызметкерлері қазақстандықтарға мереке күні тек әннен ғана шашу шашпай, поэзия арқылы да құттықтау арнауды ұйғарған.

Үшінші құттықтау бейнебаянында «Қазақмыс» ұжымы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін оқып, Отанға деген патриоттық сезімінің асқақ екенін тағы бір аңдатады.

Айта кетсек, Ақордада Республика күніне орай өткен салтанатты жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың қатарында «Қазақмыс» компаниялар Тобы кәсіпорындарының ардагерлері де бар.

Новости партнеров