Патриоттық шараға 50 автокөлік қатысты
Семей қаласында Республика күніне орай «Бір тудың астында» атты автошеру өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Патриоттық шараға 50 автокөлік қатысып, «Абай» әуежайынан «Арена» мәдени-спорттық кешеніне дейін жүріп өтті.
Семей қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Бір тудың астында» автошеруін «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған.
«Ең алдымен барша қазақстандықтарды егеменді еліміздің басты мерекесіне айналған – Республика күнімен құттықтаймын! Бұл мереке жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, бойларында патриоттық сезім қалыптастырады. Осы орайда Семей қаласының жастары 40 «Toyota Estima» көлігімен автошеру ұйымдастырды. Шара барысында еліміздің көк байрағы желбіреді. Темір тұлпарлар ең әуелі әуежайдан қаланың орталық көшелері арқылы жүрді. Содан соң «Қарағайлы» ықшамауданына өтіп, «Арена» мәдени-спорттық кешеніне тоқтады», - дейді жастар қанатының Абай облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш.
Оның айтуынша, жастар қанатының белсенділері осы уақытқа дейін бірнеше патриоттық акция ұйымдастырған. Олардың қатарында «Домбыра Party», «Менің туым – менің Қазақстаным», «Біз біргеміз!» және тағы басқа шаралар бар.