Қала деңгейінде өткен іс-шараға 150-ден аса адам қатысты
Алматыда Республика күніне арналған автошеру өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала деңгейінде өткен іс-шараға 150-ден аса адам қатысты. Көк туымызды желбіреткен 80-ге жуық темір тұлпар шаһарды аралап, тұрғындарға мерекелік көңіл сыйлады.
13 жылдан кейін қайта оралған Республика күнін алматылықтар, әсіресе автокөлік әуесқойлары клубының мүшелері ерекше стильде қарсы алды. Мереке қарсаңында алып шаһардың екі жерінде арнайы іс-шара ұйымдастырылып, көк байрағымыз ілінген темір тұлпарлар көшелерді аралады.
Қала тұрғындары мен барша отандасты құттықтау челленджін қолдаған бірінші топ шеруді Almaty Arena бастады. Ретро, спорт және жол талғамайтын 50-ге тарта көлік Момышұлы көшесі мен Рысқұлов, әл-Фараби даңғылы арқылы «Халық Арена» мұз аренасы дейін барды.
«Сапарымыз сәтті өтті. Әкімдікке осындай жиынды ұйымдастырғанына көп рахмет. Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын», – деді қала тұрғыны Самат Қаратөбелов.
Ал Наурызбай ауданындағы автошеруге 100 жас қатысты. Айтулы күнмен бірге, мемлекеттік рәмізді насихаттау мақсатында көк ту жамылған 30 көлік аудан аумағында жүріп өтті.
«Мақсатымыз – мемлекеттік рәміздің құндылығын насихаттау. Егемендігіміз бен еркіндігімізді айқындайтын көк туымыз желбірегенде асқақтай түсері анық», – деді Наурызбай ауданы әкімі аппараты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мадина Шонабаева.
Автошеру кезінде жол ережесі сақталу үшін көліктер легін полиция алып жүрді. Топ мәреге жеткенде ашық алаңға "25" деген цифрдың бейнесін салды.
Оразай Нұртай, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы