Еліміздің асқақ арманы мен жасампаздығының белгісі болған көк байрағымызды бүгін елордалықтар ерекше ұлықтады. Республика күніне орай көк ту әкімшілік ғимараттарда ғана емес, үйлердің балконына да ілінді. Осылай астаналықтар туған еліне, жеріне деген махаббатын білдіріп, мерекелік атмосфера қалыптастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Астаналықтардың 13 жылдан кейін кері қайтарылған ұлттық мерекені асыға күткені байқалады. Өйткені Республика даңғылының тұрғындары дәл осы мереке күні көк байрағымызды өз үйлерінің балконына ілген. Игі бастамаға қала әкімдігі мұрындық болған. Алайда көпшілік рәмізімізді желбіретуге өздері де ниет білдіріпті. Тіпті жергілікті тұрғындардың бірі Вадим Суворин туды уақытынан бұрын ілуді жоспарлапты. Қазір үйінде сақтаулы тұрған екі жалаудың бірі көпке көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанына қуанышты.
«Қазақстанның туы менің балконымда ғана ілулі тұрған жоқ. Үйде екіншісі бар. Көк байрағымызды құрметтеймін! Елімді, сол тудағы қыран құсты мақтан тұтамын!» – деді қала тұрғыны Вадим Суворин.
Айтулы мерекені осылай тойлаған тұрғындардың бұл әрекеті туралы халықтың пікірін білген едік. «Ұлттық мереке осылай ұлықталғаны дұрыс» дейді көпшілік.
«Жүрекке жылулық береді. Мен өзім қостаймын. Адамға отаншылдық, отансүйгіштік сезім береді. Қуат, күш беретін сияқты», – деді қала Аягөз Байқоңыр.
«Жастарға рух беріп, патриоттық сезім сыйлайды. Күш-жігер береді деп ойлаймын. Өте қуаныштымын туымызды құрметтеп, қадірлеп, көкке көтеріп жатқандарына!» – деді қала Шынар Баекешева.
Жалпы мерекеге орай Астанадағы тұрғын үйлердің қасбетіне 300-ге жуық ту ілінді. Осы әрекетімен туған еліне, мемлекеттік рәмізге махаббатын білдірген тұрғындар тек жергілікті жұрттың ғана емес, көшеде өтіп бара жатқан елордалықтардың да көңіл-күйін көтеріп, ұлттық мерекенің маңыздылығы сезіндіргендей.
Аяулым Көлжігіт, Даля Насипова, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы