Ботулизмнің алдын алу үшін қандай сақтық шараларын сақтау керек
Қақпағы ісінген консервілерді тұтынбау, үйде дайындалған өнімдерді әзірлеу кезінде зарарсыздандыру талаптарын сақтау және күмәнді тағамдарды жемеу маңызды
Ботулизм – өмірге қауіп төндіретін қауіпті тағамнан улану. Оның алдын алу үшін консервіленген өнімдерді таңдауға, үй жағдайында дайындалған тағамдарды өңдеуге және азық-түлікті сақтау шарттарына мұқият болған жөн. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ескертті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Комитет мамандарының кеңесіне сәйкес, қақпағы ісінген және зақымдалған консервіленген өнімдерді тұтынуға болмайды. Сондай-ақ үй жағдайында дайындалған консервілерді сатып алмаған жөн.
Үйде консерві дайындау кезінде зарарсыздандыру талаптарын сақтау қажет. Көкөністерді, жемістер мен саңырауқұлақтарды мұқият жуу да маңызды. Ал иісі, дәмі немесе сыртқы түрі күмән тудыратын өнімдерді жеуге болмайды.
Сонымен қатар тағам өнімдерін сақтау шарттарын қатаң сақтау қажет.
Ботулизмнің алғашқы белгілері байқалса не істеу керек?
Комитет мәліметінше, жүрек айну, құсу, бас айналу, жалпы әлсіздік және дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керек.
Мамандар тағам өнімдерін таңдағанда және дайындағанда сақтық шараларын ұстануға шақырады.
Оқи отырыңыз: Дәрігерлер күндіз қанша уақыт ұйықтау керек екенін айтты