"Республика күні - біздің ұлттық мерекеміз". Осылай деген ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Толқын Забирова мерекенің қайтарылуы ортақ жетістігіміз екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның пікірінше, Егемендік декларациясы - тәуелсіздіктің алғашқы қадамы.
"Бірнеше жыл бойы осы мереке аталмай жүріп, енді осы жылдан бастап ұлттық мерекелер тізіміне енгізіліп жатыр. Бұл біздің жетістігіміз, үлкен қуанышымыз. Тоқсаныншы жылы 25-қазанда Қазақстан Республикасының Егемендік декларациясы қабылданған. Бұл 70 жыл бойы арманда қалған тәуелсіздікке қарай басқан алғашқы қадамымыз болды. Сондықтан бұл - біздің бағымыз. Қазақта жақсы бір сөз бар ғой: «Саусақ бірікпей, қолға ине ілікпейді» деген. Осы ауызбіршіліктің арқасында, бір-бірімізге деген сүйіспеншіліктің арқасында көп ұлтты еліміз бейбітшілік заманда өмір сүріп келе жатырмыз. Мерекеде елімізге тілейтінім - тыныштық. Ел іргесі аман болсын! Көк байрағымыз желбіреп, ашық аспан астында бейбіт өмір сүре берейік", - деді ол.