Кері бұрылмақ болған көш керуенді тоқтатқан мақала

Кері бұрылмақ болған көш керуенді тоқтатқан мақала
Ардагер журналист Көші-қон туралы қазақ тіліндегі алғашқы заңның қалай қабылданғаны туралы естелігін бөлісті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

 ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бас болуымен елдігіміздің елеулі 30 жылында 1 миллионнан астам қандасымыз атамекеніне оралды. Осы орайда ҚР Ақпарат ісінің үздігі, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері,  Қазақстан журналистикасының қайраткері, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер журналисі Гүлзейнеп Сәдірқызы еліміз енді егемендік алған елең-алаң шақта бас басылымда жарияланған бір ғана мақала арқылы қазақ тілінде Көші-қон туралы балама Заңның қалай қабылданғаны туралы естелігін бөліскен еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

«Еркіндіктің алғаш туы желбіреген, бүгінде күнгейдегі бас қала – Тәуелсіздіктің алтын бесігіне айналған Алматының орны да, рөлі де ерекше ересен. Осы алып шаһарда Тәуелсіздік алған мемлекет ретінде барлық аса маңызды құжаттар, шешімдер, ең бастысы Ата Заңымыз, мемлекеттік рәміздер қабылданып, айтулы шаралар өтті. Сондықтан да Тәуелсіздігіміздің іргетасы қаланған Алматы – елім, жұртым дейтін әр қазақ үшін ыстық, қастерлі.

Осы ретте қазақ баспасөзі тарихының тұтас дәуірін, ғасырлық жылнамасын басынан өткізген еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстан» да Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы да сарабдал саясатын жүргізуде сенімді тірегі бола білді. Ұлттық, халықтық мәселені көтеруге ұйытқы болған қаншама мақала жарияланды. Бүгін соның біреуіне ғана тоқталғым келеді.           

...1997 жылы Үкіметте қандас бауырларымыздың өз Отанына оралуын тежейтін әрекеттер жасалып жатқаны жайында ащы шындықтың бетін ашқан «Көш керуен кері бұрылып кетпесе екен...» (17.01.1997 жыл, Г. Сәдірқызы) деген мақаланың үлкен қоғамдық пікір туғызып қоймай, оның ұлттық сипат алуы «Егеменнің» тарихында да, ел тарихында да ойып орын алары хақ.      

Сол кездегі газеттің бас редакторы Уәлихан Қалижан ағамыз еді. Аталмыш мақалаға мұрындық болған сол кездегі Ақпарат және қоғамдық келісім министрі, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев болатын. Министр мырза көші-қонда өрескел олқылықтар, заңсыздықтар болып жатқанын газет бетінде көтеруді тапсырады. Осылайша, бұл тақырыпты зерттеп, зерделеп көтеру маған тапсырылды», – деп еске алады ардагер журналист.

Гүлзейнеп Сәдірқызы тез арада жазылған мақалаға Алматыға арнайы келген министр мырзаның өзі жоғары бағасын бергенін айтады. 

«1992 жылы ҚР Еңбек министрлігі жанынан Халықтың көші-қон департаменті құрылып, департамент төрағасы – Еңбек министрінің орынбасары лауазымын иеленетін. Ведомство басшылығына келген В.В. Соболевтің бұл жұмысқа ықыласы да, түсінігі де мүлдем басқаша болып шығады. Департамент аппаратындағы штат 16 адамға қысқарып, министрдің орынбасарлық қызметін алып тастайды. Бұл кезде елім, жұртым деп келген ағайындардың өзекті мәселесі елеусіз қала бастағандықтан, кері қайту белең алады. Мәселен, 1994 жылы Моңғолиядан келген 71, Түркиядан келген 3 отбасы кері оралған. 1995 жылы кері қайту жөнінде 68 отбасы өтініш білдіреді. Мұндай келеңсіздікке шыдамаған ұлтжанды азаматтар 1994 жылдың соңында Президентке хат жазып, Заңға өзгеріс енгізілуін және осы мәселелерді реттестіретін Департаментті жеке ведомстволық мекеме етіп қайта құру, қаржы қорын құру жайлы ұсыныс айтады. Мемлекет басшысы дереу ұсыныс-хат авторларының тұжырымдарына келісім беру керек екенін, осы мәселелерді Үкіметте қарап, миграциялық үдерістерді реттеу жөнінде нақты шаралар белгілеу туралы нұсқауын сол кездегі Премьер-министрге (14.12.1994ж., №1301) жолдайды. 1995 жылдың мамыр айында Президенттің кеңесшісі А.А. Штопель мырзаға қайта шағымданған Департамент төрағасы 1994 жылғы көші-қонға бюджеттен бөлінген 95 млн теңгенің іс жүзінде 16,5 млн теңгесі ғана жұмсалғанын көрсетеді.

1996 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болып тағайындалған Н.А. Коржова Департамент қызметкерлері қол қойып келіскен пікірлерімен есептеспестен, «Көші-қон қорын құру туралы» бапты алып тастап, орнына «Репатрианттарға жәрдем көрсету мен қолдауға байланысты шараларды қаржылық қамтамасыз ету жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылады» деген бапқа өзгерту енгізіп, Заң жобасын Үкіметке тапсырады. Ал Үкімет жобаны бекітіп, Мәжіліс Парламентіне жібереді.  

Сондай-ақ министр ханым Департаментті жойып, оның орнына басқарма құрады. Барлық облыстағы есепшоттар жабылады. Осылайша, басқарма өз дербестігі, қалтасында көк тиыны жоқ, көші-қонға ешқандай әсерін, көмегін тигізе алмайтын шалажансар күйінде қалады. Ал Көші-қон басқармасының басшылығына зейнет жасындағы, алыстан келген ағайындармен тілмаш арқылы сөйлесетін орыстілді маманды тағайындайды. Осылайша, Департаменттің құлағын кесіп құнтитып, мұрнын кесіп шұнтитып жіберді», – дейді Гүлзейнеп Сәдірқызы.

Ардагер журналист Заңға сеніп атажұртқа көшіп келгендердің сөйтіп қолдан жасалған көптеген кедергіге кездескеніне тоқталды.

«Егеменде» 17 қаңтар күні аталмыш мақала жарық көрген соң келесі күні шетелден келген қазақтардың арасындағы зиялылары жиналып, осы мақаланың негізінде Қауымдастық жанынан Көші-қон орталығын (орталық төрағасы белгілі ақын Алмас Ахметбекұлы) құрып, «Шетелдегі қазақтардың Отанына оралуы ұлттық мәселе. Неге біздің тағдырымызды Коржова ханым шешуі керек?» деген мәселемен түбегейлі айналысуды қолға алады. Көші-қон орталығы мүшелері Парламент Мәжілісі Әлеуметтік даму комитетінің мүшесі, депутат Әкім Ысқақтың қабылдауында болып, өз ойларын бөліседі. Қауымдастықтың балама заң жобасын ұсынуға құқы болмағандықтан, бұл істі депутат Ысқақ мырза өз мойнына алады. Содан жоба авторына аз уақытта белсенді жұмыс жасауына тура келеді. Сөйтіп, алғаш шақырылған қос палаталы Парламенттің Үкімет дайындаған Көші-қон туралы Заңға қазақ тілінде балама заң дайындауы үлкен қозғалысқа айналып, соның негізінде Қазақстанда тұңғыш рет қазақша аталмыш Заң қабылданады. Міне, бұл бас басылымда жарияланған бір ғана мақаланың пәрмені еді.  

Қазіргі таңда Тәуелсіздік – көп ұлт үшін асқақ арман. Шүкір. Біз бұл арманға қол жеткіздік. Ата бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіміздің Туы мәңгілік желбірей берсін!», – деп сөзін түйіндеді Гүлзейнеп Сәдірқызы.                          

Новости партнеров