Бүгін – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл
Тәуелсіздік – бүгінгі аға толқынның, кеңестік үстем заманды көзімен көріп, ұлтқа қатысты кемсітушілікті сезініп өскен ұрпақтың бала кезден кеудесінде бүр жарған қасиетті арманы болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, публицист Жұмабай Шаштайұлы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Біз қазақ елі өзін өзгелермен тең сезіне алатын дәрежеге жетсе ғой деген арман-қиялдың жетегінде жүріп ержеттік. Сол балалық қиялымыз біртіндеп көмескі тартпай, керісінше, адамгершілік, ерлік деген үлкен ұғымдарға ұласып, әрдайым жүрек түкпірімізде тұрды. Сол себепті де Тәуелсіздік – біз үшін айрықша қасиетті, қастерлі мереке.
Жалпы, тарихи тұрғыдан Тәуелсіздіктің маңызы, оның елімізге берген игілігі туралы жастардың бойына сіңіріп, насихаттап айту керек. Дегенмен осы жерде бір жайтты ескерген жөн шығар.
Тәуелсіздіктің игілігі деген не? Ол әлбетте, еліміз егемендік алған жылдары ішінде жеткен, әлемдік қауымдастық алдында өзімізді таныта білген жетістіктеріміз. Жоғалтқанымыздың табылып, өшкеніміздің қайта тұтанғаны. Кеңес Одағы кезінде арман болған құндылықтарға ие болуымыз, сезіне білуіміз. Ал енді сол игілікті дәріптей алатын, бағасын түсіне алатын жастарды, кейінгі ұрпақты тиісті деңгейде тәрбиелей алдық па? Жеке тұлғалардың тарихи қалыптасуына ықпал ететін, елін сүйер азамат етіп қалыптастыруда кейбір ұстанымдардан айырылып қалғанымыз жоқ па? Міне, бұл бөлек мәселе. Бізге Тәуелсіздікке жұмыс істей жүріп, өзімшіл емес, ұлтқа жаны ашитын, мемлекет десе жанын беруге даяр тұратын, сонымен қатар, орындаушылық қабілетін ғана дамытумен шектелмейтін, ұлтты шын жанымен жақсы көре алатын азаматтарды қолдап, солардың қатарын көбейтуді қолға алу керек-ау деген ойлар келеді. Біз үшін ендігі кезек күттірмейтін мәселе осы болуы тиіс», – деп атап өтті жазушы.
Жұмабай Шаштайұлы сондай-ақ Тәуелсіздікке қызмет етуі тиіс ұрпақты тәрбиелеудегі маңызды факторларды айтты.
«Біз Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбектердің шығармаларындағы қаншама буынға адамгершілік пен әділдік, шыншылдық сияқты тамаша қасиеттердің дәнін сепкен образдардан біршама алыстап кеттік. Ата-бабамыздан жеткен салт-санадан көп ажырап, керісінше, дүние қуғыштықты, дүниеге құл болуды басты орынға қоятын жандардың көбейгені қынжылтады. Көз жүгіртіп қарасаңыз, оның да өз себептері болғанын аңғарамыз. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары экономикамыз аяқтан тұрып кеткенше халқымыз біршама тұрмыстық қиындықтарға тап болды. Сол кездегі қиындықтарға шыдай алмағандар арасынан Кеңес заманын аңсау деген жаман пиғылдар сезіліп қалып жатты. Сол пиғылдарды жеңу оңай болған жоқ.
Жалпы, «Дүниенің болуы – барлық мәселенің шешімі» деп түсіну Тәуелсіздікке қызмет ету деген ұғымға кедергі болатын жайт. Ол үшін билікті кінәлап шығудың қажеті жоқ. Ой-арманы таза, өзін дүниеден жоғары ұстайтын ұрпақты тәрбиелеп шығару үшін үшін ата-бабамыздың ұстанымдарына қайтадан оралуымыз керек. Оның да үлкен жетістік екенін естен шығармауымыз қажет. Сонда нағыз тәуелсіз, нағыз патриот ұлт болатынымыз анық.
Адам өмірге келген соң өзінің ата-анасын, отбасын жақсы көруі заңдылық. Дегенмен бүкіл ұлттың хал-ахуалы жайлы, мемлекеттің жай-күйі туралы екінің бірі ойлана бермейді. Ал бізге ондай ойлы, патриот, талантты, еңбекқор адамдардың көп болғаны ауадай қажет. Әсіресе әлемді мойындатқан композитор Рахат-Би Әбдісағин, Димаш Құдайберген сынды азаматтардың арамыздан көп шыққаны керек. Өнердің, жазудың үлкен құбылыстарын алып келу – болашақ ұрпақтың алдында тұрған міндет. Сол міндетпен қатар, әділет деген сезімді алып жүруі керек. Ықпалы күштінің ығына жығылмай, әділетті ту етіп, жүрек тазалығын кірлетпей, ешкімді кемсітпей, тең көре алар дәрежеге жеткенде ғана нағыз ірі ұлтқа айналамыз деген ойдамын. Сол деңгейге жету жолында әр азаматымыз жұмылған жұдырықтай болып, елі үшін еңбек ете берсін деп тілеймін! Тәуелсіздігіміз баянды, мемлекетіміз мәңгілік болсын!», – деген тілек білдірді жазушы.