Республикалық деңгейдегі іс-шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығын басты тақырып етіп алған
Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында ел суретшілерінің есептік көрмесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Республикалық деңгейдегі іс-шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығын басты тақырып етіп алған. Сондай-ақ тарих пен қазіргі заманның маңызды мәселелерін қамтыған композициялық жиында еліміз бен әлем үшін айтулы оқиғалар да көтеріліп отыр.
«Экспозицияда соңғы 2 жылда орындалған суретшілердің туындылары ұсынылған. Бұл көрмеде Алматы, Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Шымкент, яғни барлық қалалардағы суретшілердің жұмыстарынан тұратын 200-ге жуық туындылар қойылған экспозицияда», - деді Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының баспасөз хатшысы Ақбота Әлімхожина.
Көрмеге көркем шығармашылықтың барлық түрі қойылған. Енді елдегі бейнелеу өнерін одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланбақ.
Айта кету керек, шығармашылық есеп беру 12 желтоқсанға дейін жалғасады.
«Бұл жерде әртүрлі жанрда салынған туындылар бар. Дегенмен Абайдың мерейтойына байланысты Абай портреттері көбірек кездеседі. Сонымен қатар, Тәуелсіз мемлекетіміздің еңбегі сіңген азаматтарының да портреттері бар», - деді суретші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Өмірбеков.