«Елбасы аманаты: елдіктің жеті тұғыры». Елордада осындай тақырыппен өткен дөңгелек үстелде саясаттанушылар мен ғалымдар Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктерін саралады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова қазақстандықтар үшін тәуелсіздік жәй ұғым емес екенін баса айтты. Оның сөзінше, мемлекетіміз әлемде қолда бар ядролық арсеналдан бас тарта отырып, азат әлем құру үшін тек саяси ерік-жігер ғана қажет екенін дәлелдеді.
«Семей полигонын жабу арқылы Қазақстан әлемде жүргізілген барлық ядролық сынақтардың төрттен бірін тоқтатып қана қоймай, одан бас тартудың жаһандық үрдісін қалыптастырды. Бүгінде әлемнің 88 мемлекеті Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісімге қол қойды. Біз адамзаттың осы жетістігіне қосқан үлесімізді мақтан ете аламыз», – деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Зарема Шәукенова.
Ал қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова бірлік пен келісім елдігіміздің мызғымас тұғыры екенін атап өтті.
«Көпэтносты Қазақстан халқы үшін бұл тұғыр этносаралық, конфессияаралық татулықты сақтап қалу мәселесі сынды өте маңызды екені сөзсіз. Қазақстандағы басты стратегиялық ресурс этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлік деп білеміз», – деді Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова.