Шымкентте сирек дертке шалдыққан әйел сәбилі болды

Almaty.tv
Almaty.tv
29 жастағы Заретта Құрманғожинованы қоғам белсенділері перзентханадан салтанатты түрде шығарып алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте ерекше қажеттіліктері бар әйел босанды. Туғанынан білегі жоқ және сүйек сынғыштық дертіне шалдыққан 29 жастағы Заретта Құрманғожинованы қоғам белсенділері перзентханадан салтанатты түрде шығарып алды. Ең қызығы, тұңғыш ұлының есімін мұсылманша атапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бала босанған батыр ананы қоғам жанашылары гүл шоқтарымен қарсы алды. Бәрі Зареттананың қайсарлығына тәнті болып, оған барынша қолдау көрсетіп жатыр. Бірінші топтағы мүгедек әйелдің өзі толықтай бала бағуға дайын екенін айтады.

«Дәрігерлерге рахмет. Енді балама жақсы тәрбие беру үшін барымды саламын. Алда жоспарым көп. Бұйыртса, тек жақсы жетістіктерге жетемін деп ойлаймын. Ұлымның есімін мұсылманша Даниал деп қойдым», – дейді қала тұрғыны Заретта Құрманғожинова.

Заретта тумасынан ауыр індетке, остеогенез дертіне шалдыққан. Соған қарамастан, оның өмірге деген құлшынысы ерекше. Ол осы күнге дейін талай шығармашылық байқауларға қатысып, үлкен жетістіктерге жеткен екен.

«Зарета жастайынан қоғамдық өмірге белсене араласып, үнемі көңілді жүруге тырысады. Зарета ешкімге шағымданбаған. Тек үнемі өзін алға жетеліп, өмірдің қиындығына қарсы тұрып келеді», – деді З. Құрманғожинованың досы Салих Қалиев.

«Біз бәріміз сізге қол ұшын беруге дайынбыз. Бұл – көптеген қыз келіншектер үшін нағыз үлгі. Зареттаны қолдауға әрдайым дайынбыз», – деді Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Алма Архабаева.

Зареттаның алға қойған жоспары көп. Ең бастысы, жас ана ұлына барынша қамқорлық танытып, ел мақтанатындай азамат етіп өсіруге барын салмақ.

Сая Меңдеке, Лаура Нақыпқызы, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров