Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде халықаралық деңгейдегі ғылыми конференция өтті. Тарих пен рухани-мәдени құндылық сөз болған жиын бірнеше бағытты қамтып, ғалымдар заманауи ұстанымдарды айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тәуелсіздік жылдарындағы тіл мен әдебиеттің жаңа бағыттары, заманауи өнер мен елдің рухани мұрасы кең талқыланған конференция ғылыми-практикалық негізде өтіп отыр. Аталған жиынға қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар мен шетелдік қонақтар қатысты.
«Мәдени-рухани құндылықтар деп отырмыз. Сол негізде әрбір тақырыпты, әр салада қамтуға тырыстық. Бір ғана бұл конференция емес, бұдан өзге де бірнеше халықаралық деңгейде шара өткізгелі отырмыз», − деді Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры Жанатбек Ішпекбаев.
Тәуелсіздік дегенде сөз болар әуелгі тақырып − тарих. Қазақтың тұңғыш ғарышкері де өз кезегінде елдің өткенінен сабақ алып, келешекте ата-баба аманатын адал атқаруға шақырды. XXI ғасыр ұрпағына үлкен сенім артылғанын да нық қадап айтты.
«Дүниежүзінде 5000 халық бар екен. Оның жартысы тәуелсіздігін әлі алмаған. Ал бізге Алла Тағала Тәуелсіздігімізді берді. Қолдарыңызға үлкен аманат қып осы еркін өмірді тапсырып жатырмыз. Сендер елімізді дамыту үшін жүректерің адал болуы керек», − деп жастарға сенім білдірді ҚР Халық қаһарманы, профессор Тоқтар Әубәкіров.
Қазақстанның тәуелсіздігі және рухани-мәдени құндылықтар» тақырыбының аясында өткен іс-шара алға біршама міндеттерді жүктеді. Атқарылуы тиіс істердің жүйесін құрды. Енді аға-буын салған сара жолды жалғау − ұрпаққа міндет.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы