Бүгін Әуезов ауданында Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған «Мұзда жанған алау» атты әдеби-поэзиялық кеш өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шараға азаттық жолында жан беріскен Желтоқсан қаһармандары қатысты. Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің белсенді студенттері Желтоқсан оқиғасының құрбаны, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туралы ерекше қойылым көрсетті.
«Университетте Желтоқсан көтерілісіне қатысқан батырларымызды марапаттап, солармен кездесу үшін «Мұзда жанған алау» атты поэзиялық кеш ұйымдастырып жатырмыз. Барша қазақ жұртына Тәуелсіздігіміз тұғырлы, істеген ісіміз берекелді болсын деп тілегім келеді», – деді Алматы гуманитарлы-экономикалық университеті педагогика, бизнес және құқық институтының директоры Мүбәрак Ермағанбетов.
«Бұл – ұрпаққа үлгі болып, Желтоқсанды кеңірек насихаттауға, әлемге танытуға үлес қосады деген ойдамыз. Тәуелсіздік жасай берсін!» – деді Желтоқсан ардагері Аманғазы Кәріпжанәулеті.