Алматыда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жас ақындар арасында өткен сайыстың жүлдегерлері марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
3 ай көлемінде болған мүшәйраға елдің барлық өңірінне ақындар қатысып, балаларға арналған өлеңдері мен жырларын паш етті. Бүгінгі іс-шарада сайысқа қатысып, туындылары үздік деп танылған жас ақындарға жоба ұйымдастырушылары сыйлықтар мен арнайы сертификаттар табыстады.
«Осы «Балапаным биік ұш» жарысына қатысуға бел байладым. 3 өлең жазу керек болды. Мен үшеуін де жаздым. Енді, міне, бүгін қорытындысы шықпақ. Бұйырса, барлығы жақсы болады деген үміттемін», – дейді жас ақын Бақытгүл Тұрсынбаева.
Сондай-ақ бұл шарада балаларға арналған «Балапаным биік ұш» кітабының тұсауы кесілді. Жаңа жинаққа мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев пен Қадыр Мырза Әлі сынды қазақ поэзиясы классиктерінің өлеңдері, сондай-ақ бүгінгі жас ақындардың шығармалары енбек.
«Кітапта балаларға арналған өлеңдер қамтылды. Орын алған шығармалар бар және өзге қатысушылардың шығармалары енді. Бәрінің басын біріктіріп, бір альманах құрастырдық», – деді ҚР Жазушылар одағының мүшесі Мұратхан Шоқан.