Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Тұңғыш Президент күніне орай Сапарғали Бегалин атындағы орталық балалар кітапханасына егемендік туралы жаңа жинақ табыс етілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 30 жылы» атты еңбекте дербес республикамыз өзін мемлекет деп жариялаған сәттен бүгінге дейін жүзеге асқан жоспарлар мен ел еңсерген белестер туралы жазылған. Бұл жинақ жас буынға Тәуелсіздіктің терең мәнін түсінуге септеседі.
«Жас ұрпақ осы еңбек арқылы жетістікке жеткен адамдар туралы біліп қана қоймай, солар сияқты болуға талпынады, оқуды үздік оқып, еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосады деген ойдамын», – деді С. Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасының қызметкері Гүлжан Әбішова.
Балалар кітапханасынан бөлек, аталмыш жинақ ҚР Ұлттық кітапханасына, сондай-ақ қаланың өзге де орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне табысталды. Осылайша, жас буын тарихи білімін арттыруға мүмкіндік алды.
«Болашақ ұрпақ Қазақстанның егемендік жолындағы еңбегін білгені абзал. 30 жылдың ішінде мемлекетіміз толағай табыстарға жетті. Осы таңда Елбасының еңбегін атап өткен жөн», – деді Nur Оtan партиясы фракциясының мүшесі Шухрад Шардинов.