Қазақстан боксшылары 1993 жылдан бері өтіп келе жатқан әлем чемпионаттарында барлығы 51 жүлде алыпты. Оның 14-і – алтын, 15-і – күміс. Қалған 22 медаль – қола. Ал жуырда Сербияда өткен байрақты додада отандастарымыз сәтті өнер көрсетіп, командалық есепте 2-орынға жайғасты. Мұндай көрсеткішке бокс тарихында бірінші рет қол жеткізілді. Спортшыларымыз бұған дейін әлем біріншіліктерінде 1 мәрте көш бастаса, 4 рет үшінші сатыға тұрақтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Белград төрінде Қазақстан әнұраны 2 мәрте шырқалды. Әуелі жеңіл салмақта өнер көрсеткен Теміртас Жүсіпов таиландтық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, 33 жасында әлем чемпионы атанды. Осылайша, еліміздің бокс тарихында ең егде жастағы жеңімпаз ретінде тіркелді. Ал әлем біріншілігін ұтқан ең жас былғары қолғап шебері атағы Жәнібек Әлімханұлына бұйырды. Ол жеңіс тұғырынан небәрі 20 жасында көрінді.
«Біріншіден, Қазақстан халқына, қазақ еліне көп-көп рақмет айтамын. Барлық бапкеріме алғысым шексіз. Бұл жеңіс барша қазақ халқына арналады», – деді бокстан әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов.
Боксшыларымыз Белградтағы шаршы алаңда 46 жекпе-жек өткізіп, соның 35-нде жеңіске жетті. Алайда 2013 жылы Алматыда өткен Әлем біріншілігінде тіркелген нәтижеге жете алмады. Ол кездегі көрсеткіш 36 болатын. Одан бөлек, 1993 жылдан бері өтіп келе жатқан әлем чемпионаттарының финалында 28 боксшымыз бақ сынап, соның 14-і жеңіске жеткен. Соңғы алтын жүлде Сәкен Бибосыновқа тиесілі.
«Токиода әнұранды шырқата алмадым. Осы Сербияда Қазақстан әнұранын шырқату маңдайыма жазылған екен. Бұл тек қана менің жеңісім емес. Әке-шешемнің, бапкерлерімнің соншама еңбегі деп білемін. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы жарыстарда да бар күш-жігерімізді салатын боламыз», – деді бокстан әлем чемпионы Сәкен Бибосынов.
Соңғы әлем біріншілігінде үздік үштіктен көрінген Абылайхан Жүсіпов елімізден шыққан әлемнің 3 дүркін қола жүлдегері атанды. Ал халықаралық жарыстарда ең көп олжа салған боксшы – Серік Сәпиев. Ол 2005-2011 жылдары аралығында өткен чемпионаттарда 2 алтын, 1 күміс және 1 қола еншілеген.
Айта кетейік, қазақ боксшылары Токио олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін Сербияда өткен әлем чемпионатында қайта ес жиғандай болды.
«Қазақ халқына үлкен рахмет! Бәріміз бір жұдырықтай жұмыла білдік. Алыста жүрсек те, олардың қолдауын қатты сезіндік. Еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын», – деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов.
Одан бөлек, Афины олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев 1936 жылдан бері үздік боксшыға беріліп келе жатқан Вэл Баркер кубогін осы жолы кубалық боксшы Энди Крузға табыстады.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы Белград шаршы алаңында қос алтын, 2 күміс және 1 қола еншілеп, командалық есепте 2-ші орынға тұрақтады. Ал Куба спортшылары топ жарса, АҚШ үздік үштіктен көрінді. 2 жылда бір өтетін байрақты дода 2023 жылы Ташкент төрінде өтеді.
Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы