Қарашада қай жұлдыз белгілерінің қаржылық жағдайы жақсарады
Ай ішіндегі астрологиялық құбылыстар, қаржыны басқаруға қатысты кеңестер және әр жұлдыз белгісін күтіп тұрған ықтимал өзгерістер
2026 жылдың қарашасы қаржы мәселесінде оңайға соқпайтын, бірақ қызықты кезең болмақ. Сатурн Балықтар белгісіндегі қозғалысын аяқтайды, Меркурий айдың екінші жартысында кері қозғалысқа көшеді, ал табыс пен ләззатқа жауап беретін Шолпан Таразы белгісінен Сарышаянға ауысады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аспан денелерінің мұндай орналасуы асығыс шешім қабылдауға бейім адамдарды сабыр сақтауға үйретсе, қаржылық жоспарын көптен бері ойластырып жүргендерге оны жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Төменде әр жұлдыз белгісіне арналған толық болжам ұсынылған.
Тоқты (21 наурыз – 19 сәуір)
Айдың алғашқы онкүндігі белсенді әрекет етуге қолайлы. Қосымша тапсырыс, қосалқы жұмыс немесе көптен күткен ұсыныс түсуі мүмкін. Алайда қолға тиген ақшаны бірден жұмсауға асықпаңыз. Қарашаның ортасында техникаға немесе құжаттарға байланысты күтпеген шығындар туындауы ықтимал. 20 қарашадан кейін ірі сауда жасаудан және сандарды мұқият тексермей, ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол қоюдан тартынған жөн. Бұрын берген қарызды қайтаруды талап етуге қолайлы кезең: қарыз алушылар бұл жолы сөзге келуге бейім болуы мүмкін.
Торпақ (20 сәуір – 20 мамыр)
Қарашада жалдамалы жұмыс істейтіндердің қаржылық жағдайы тұрақты болады. Сыйақы алу немесе жалақының қайта қаралуы ықтимал. Дегенмен жұлдыздар күмәнді жобаларға ақша салудан сақтандырады. Әсіресе қысқа уақытта мол пайда табуға уәде беретін ұсыныстарға абай болған жөн. Бұл айда жинақ жасау мен тәуекелі төмен қаржы құралдарын таңдаған дұрыс. Ай соңында жалақыны көтеру жөнінде келіссөз жүргізуге қолайлы мүмкіндік туады. Нақты деректермен дәлелденген уәждеріңіз нәтижелі болуы мүмкін. Туыстарыңызға қарыз беруге асықпаңыз, өйткені оны қайтару ойлағаннан қиынға соғуы ықтимал.
Егіздер (21 мамыр – 20 маусым)
Сізге қамқор саналатын Меркурийдің кері қозғалысы қаржылық әдеттеріңізді қайта қарауға итермелейді. Айдың алғашқы жартысында төлемдердің кешігуі немесе құжаттарға қатысты түсініспеушілік болуы мүмкін. Сондықтан барлық чек пен түбіртекті сақтап жүрген жөн. Есесіне бұл кезең жеке бюджетті қайта қарап, шығындарды реттеуге қолайлы. Қажетсіз шығындардың бірнеше түрін анықтап, оларды қысқартуға мүмкіндік туады. 22 қарашадан кейін қарым-қатынас, білім беру немесе сауда саласына байланысты қосымша табыс көзі пайда болуы ықтимал. Басқа адамдардың қаржылық міндеттемелерін мойныңызға алмаңыз.
Шаян (21 маусым – 22 шілде)
Қарашада сақтық танытқан жөн. Ірі шығындарды желтоқсанға қалдырған дұрыс. Әсіресе жылжымайтын мүлік сатып алу немесе жөндеу жұмыстарын кейінге шегере тұрған абзал. Айдың ортасында бұрын берген қарызыңыз қайтарылуы немесе күтпеген жерден шағын сыйақыға ие болуыңыз мүмкін. Қызмет көрсету немесе өзгелерге қамқорлық жасау саласында еңбек ететін Шаяндардың табысы аздап артуы ықтимал. Басты кеңес – сауда жасағанда эмоцияға берілмеңіз. Алдын ала тізім жасап, соны ұстаныңыз. Бұл айда инвестиция салуды мүлде қарастырмаған жөн.
Арыстан (23 шілде – 22 тамыз)
Қарашадағы қаржылық жағдай көңіл көншітерліктей. Өз беделін қалыптастыруға көп күш жұмсаған Арыстандарға тиімді ұсыныс жасалуы немесе сыйақы берілуі мүмкін. Айдың алғашқы жартысы жалақыны көтеру жөнінде келіссөз жүргізуге және мәміле жасауға қолайлы. Алайда екінші онкүндікте ойын-сауық пен сыйлықтарға жоспардан тыс көп ақша жұмсап қоюыңыз ықтимал. Сондықтан ойланбай жасалатын саудаға шектеу қойған дұрыс. Айдың соңы демалысқа немесе білім алуға ақша жинау сияқты ірі мақсаттарды жоспарлауға қолайлы.
Бикеш (23 тамыз – 22 қыркүйек)
Қарашада ұқыптылығыңыздың пайдасы тиеді. Меркурийдің кері қозғалысы есеп-қисапта қателіктерге әкелуі мүмкін. Сондықтан шоттар мен төлемдерді мұқият тексеріңіз. Салық төлемдерін оңтайландыруға және сақтандыру шарттарын қайта қарауға қолайлы кезең. Кеңес беру, талдау немесе шағын қызметтер көрсету арқылы қосымша табыс табуыңыз мүмкін. Тіпті жақын достарыңызға да қарыз беруге асықпаңыз. Айдың соңғы аптасында жұмысқа немесе қосымша табыс көзіне қатысты жағымды жаңалық естуіңіз ықтимал.
Таразы (23 қыркүйек – 22 қазан)
Сізге қамқор саналатын Шолпан 8 қарашаға дейін өз белгіңізде болады. Сондықтан айдың басы қаржылық бастамаларға қолайлы. Тиімді сауда жасап, ұтымды мәмілелерге қол жеткізуіңіз немесе жағымды тосынсыйға кенелуіңіз мүмкін. Алайда Шолпан Сарышаян белгісіне ауысқаннан кейін үнемдеуге көбірек көңіл бөлуге тура келеді. Айдың екінші жартысында тәуекелі жоғары инвестициялар мен несие алудан аулақ болған жөн. Жұбыңызбен ортақ бюджетті талқылауға қолайлы уақыт. Ашық әңгіме түсініспеушіліктің алдын алып, келіспеушіліктерді азайтуға көмектеседі.
Сарышаян (23 қазан – 21 қараша)
Қараша – сіздің айыңыз. Жұлдыздар жоспарын көпшілікке жария етпей, құпия сақтай білетіндерге қолайлы кезең болатынын меңзейді. Бұрын ешкімге айтпаған жобаларыңыздан табыс түсуі мүмкін. 8 қарашадан кейін Шолпан өз белгіңізге ауысып, қаржылық келіссөздерде жолыңызды ашуы ықтимал. Сонымен бірге өзіңізге көбірек ақша жұмсауға деген құлшынысыңыз артады. Сондықтан тепе-теңдікті сақтаңыз. Айдың екінші жартысында мол пайда уәде ететін серіктестерге сенуге асықпаңыз. Ынтымақтастық туралы кез келген ұсынысты мұқият тексеріңіз. Бұл айда ішкі түйсігіңізге құлақ асқан жөн.
Мерген (22 қараша – 21 желтоқсан)
Қарашаның алғашқы жартысында үнемдеуге тура келуі мүмкін. Ақшаның уақытында түспеуі немесе бұрынғы қаржылық міндеттемелерді өтеу қажеттілігі туындауы ықтимал. Алайда 22 қарашадан кейін, Күн Мерген белгісіне ауысқанда, қаржылық жағдай біртіндеп түзеле бастайды. Жаңа табыс көзі пайда болуы немесе қызметіңіз жоғарылауы мүмкін. Болашақта пайда әкелетін білім алуға қолайлы кезең. Қанша жерден тартымды көрінсе де, ақшаны құмар ойындарға немесе күмәнді схемаларға салмаңыз.
Тауешкі (22 желтоқсан – 19 қаңтар)
Қараша сізден тәртіп пен ұқыптылықты талап етеді. Сізге қамқор саналатын Сатурн өз циклін аяқтап келеді. Бұл – жыл бойғы қаржылық жағдайды саралап, келесі жылға жоспар құруға қолайлы сәт. Денсаулыққа немесе жөндеу жұмыстарына байланысты шығындар туындауы мүмкін. Сондықтан мұндай қажеттіліктерге алдын ала қаражат бөлген жөн. Айдың ортасында жасы үлкен туыстарыңыздан немесе тәлімгерлеріңізден қолдау көруіңіз ықтимал. Ірі инвестицияларды әзірге кейінге қалдырған дұрыс. Ал аз-аздан жинаған қаражатыңыз ай соңында едәуір көбейеді.
Суқұйғыш (20 қаңтар – 18 ақпан)
Қарашада күтпеген қаржылық мүмкіндіктер пайда болуы мүмкін. Мұндай мүмкіндік таныстарыңыз немесе әлеуметтік желілер арқылы келуі ықтимал. Дегенмен Меркурийдің кері қозғалысына байланысты сақ болған жөн. Құжаттарды соңына дейін оқымай, қол қоймаңыз. Қажетсіз заттарды сатуға немесе сүйікті ісіңізді табыс көзіне айналдыруға қолайлы кезең. Айдың алғашқы онкүндігінде ойланбай сауда жасаудан сақтаныңыз. Екінші жартысында бұрын берген қарызыңыз қайтарылуы немесе әлдеқашан ұмытып кеткен өтемақы түсуі мүмкін.
Балықтар (19 ақпан – 20 наурыз)
Сіздің белгіңіздегі Сатурн циклі аяқталып келе жатқандықтан, қараша қаржылық көзқарасыңызды қайта саралауға қолайлы кезең болмақ. Бұрынғы шығын әдеттеріңізден бас тартуға немесе ақшаға деген көзқарасыңызды өзгертуге тура келуі мүмкін. Мұны жоғалту емес, артық нәрседен арылу деп қабылдаған жөн. Айдың ортасында жақындарыңыздан көмек алуыңыз немесе аз да болса қосымша табыс табуыңыз ықтимал. Қараша айының соңына қарай бойыңыз жеңілдеп, алдыңыздан жаңа мүмкіндіктер ашылғанын байқайсыз. Айдың соңғы аптасында несие алмауға тырысыңыз, өйткені ұсынылатын шарттар тиімсіз болуы мүмкін.
Барлық жұлдыз белгілеріне ортақ кеңес
2026 жылдың қарашасында асығыстықтан гөрі сабырлылық маңызды болмақ. Айдың екінші жартысындағы Меркурийдің кері қозғалысы ірі қаржылық бастамаларды кейінге қалдыруға кеңес береді. Оның есесіне бұл кезең бұрынғы қателіктерді түзеп, қаржылық жағдайды саралап, алдағы уақытқа жоспар құруға қолайлы. Ең бастысы, жұлдыз жорамалын тек бағдар ретінде қабылдаңыз. Ал түпкілікті шешім әрдайым өз қолыңызда.
Дереккөз: Mk.ru
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар қараша айында қалай демалады