Алматы колледжінде ардагерлер мен студенттер кездесуі өтті

21.10.2021 21:12

Автомеханикалық колледжде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мерекелік іс-шара өткізілді

Almaty.tv

«Менің таңдауым – менің болашағым». Дәл осындай атаумен Алматы автомеханикалық колледжінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мерекелік іс-шара өткізілді. Үш бөлімге саятын мерекелік концертке еңбек, тыл ардагерлері мен қариялар қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Ол ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тәуелсіздіктің жетістіктерін ту ететін бұл шараға колледж табалдырығын енді аттаған 1 курс студенттері қатысып отыр. Білім алушылардың өз мамандығына деген қызығушылығын арттырып, қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан 30 жылдағы жетістіктерді жастарға өсиет ету – басты мақсатымыз», – дейді шара ұйымдастырушылары.

«Іс-шараны өткізудегі мақсат – жастарды ардагерлермен кездестіру. Жалпы, іс-шараны ардагерлер жастарға бағдар берсе деген бағытпен өткізіп отырмыз. Жастардың олардан алар тағлымы мол деген ойдамын», – деді колледж директоры Темірбек Рахманов.   

«Студенттерге өз мамандықтары тек Қазақстан деңгейінде емес, әлемдік деңгейде де маңызды екенін түсіндіру керек. Техникалық және кәсіптік білім беру – БҰҰ, ЮНЕСКО деңгейінде маңызды», – деді колледждің бөлім меңгерушісі Шолпан Ибрагимова.

Салтанатты шараның үшінші кезеңінде студенттер қарияларға өз өнерлерін паш етіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, ақсақалдар жас буынға өткеннің өнегесі мен болашаққа артқан үмітін жеткізді. Баталы қариялар мен көреген ақ жаулықты әжелерімізді қадір тұтып, студенттердің ата-аналары ардагерлерге арнайы дайындалған сый-сияпаттарын табыс етті.

«Балалар мен үлкен адамдар арасында жүзбе-жүз байланыс жасау креек. Патриоттық сезім жайдан-жай келе қалатын дүние емес. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берген білім - адамзаттың қас жауы» деген. Ең бірінші, үлкен адамдар тәлім-тәрбие беруі үшін өздері үлгі болып, жол көрсете білуі керек», – дейді Жетісу аудандық ардагерлер кеңесінің жетекшісі Тамара Шакирова.

Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс, ата-баба аманаты. Сол аманатты сақтау өскелең ұрпақтың басты парызы. Себебі, болашақ – жастардың қолында.

Таңелі Есіркепова, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы