«Адамзат атаулыға ең қымбат нәрсе ‒ ол Тәуелсіздік. Одан басқаның бәрі түк емес». 500-ге жуық саяси және ұлттық құндылықтар жөніндегі мақалалардың, кітаптардың авторы, публицист, қарымды журналист Жұмаш Айтжұманұлы осылай дейді. Ел егемендігінің 30 жылдығына орай Әуезов ауданының әкімдігі бүгін зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, Тәуелсіздік тарландарымен кездесу өткізді. Қонақтар өз ой-толғауларын, Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерін ортаға салды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Осы Тәуелсіздігіміздің қадірі мен қасиетін білейік. Өз жерінің иесі де, киесі тек қана қазақ екенін дәлелдеуіміз керек. Еңсеміз биік болу керек. Көрінгеннің алдында жалтақтамайық, жетеді. Тіліміз тұғырлы болсын. Қазақ тілінің шын мәнінде мемлекеттік тіл екенін көрсетуіміз қажет. Сөзді қойып, іске көшу керек», ‒ деді Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері Жұмаш Кенебай.