Елордада Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған шара өтті

27.09.2021 21:14

Зиялы қауым өкілдері қатысқан жиын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өтіп отыр

«Мұқағали Мақатаев Махамбет сияқты еркін болды!» Ақын Ақұштап Бақтыгереева, елордадағы Ұлттық музейде өткен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған шарада осылай деді. Жиында зиялы қауым өкілдері бас қосып, қазақ ақынымен кездескен сәттерден естелік әңгімелер айтты. Мемлекет қайраткерлерінің айтуынша, Мұқағали Мақатаев өте қарапайым кісі болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.   

Дөңгелек үстелде ақын Мұқағали Мақатаевтың қазақ руханиятындағы құндылықтары, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі және ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлі айтылды. Сондай-ақ, ақынның 90 жылдығына арналған «Мұқағали және оның замандастары» экспозициясының ашылуы өтті.

«Оның ақындық жүрегінде далаға деген еркіндік, өзінің еліне деген еркіндік және ақындық мінездің ешкімге бағынбайтын еркіндігі болды. Ол өзінің өлеңінде «Махамбеттер жоқ дейді, Мақатаев бар мұнда» деп жазады ғой. Оның түсінігінде «Махамбет ешкімге бағынбайтын өр ақын болса, Мұқағали да соның сарқыты» дейді», – деп пікір білдірді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева.

«Осы музейге қойылған әр қаламгердің мұраларына қарап отырып, рухани байлығыңды толқтыра түсесің. Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 қаламгердің, 30 жазушының тұтынған заттары қойылғане музейін көріп, рахаттанып, ерекше сезіммен қайтып бара жатырмыз», – деді қоғам қайраткері Көпен Әмірбек.

Ақын Мұқағали Мақатаевтың көзін көріп, онымен араласқан адамдардың бірі – көрнекті қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков. Ғалым Мұқағалиды кездесіп қалан сәтте аңқылдап әңгімесін айтып жүретін ақжарқын жан еді деп еске алады.

«Менің ұғымымда Отан туралы, ана туралы, ұлттық тіл туралы, туған жер туралы қазақ ақындарының ішінде өзіне дейін де, өзінен кейін де Мұқағали сияқты өлең арнаған ақын жоқ. Бұл құдірет деп есептеймін. Мұқағали біздің қазақ тарихындағы, адамзат тарихындағы құбылыс. Әруағы қолдай берсін. Елі, артында қалған ұрпағы аман болсын», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

«Мұқағали сияқты ақындар аз. Қазір 7 жастағы баладан 70-тегі шалға дейін сұрасаңыз, оның өлеңдерін жатқа айтып жатыр. Бұл деген ақынның бақыты. Мұқағали секілді ақындарымызды құрметтеу арқылы Қазақстанның қазіргі руханиятын ұлықтай білеміз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.

Аз ғұмырында елеулі туындылар жазған ақын сол жылдардың тұрмыс-тіршілігін, рухани мүддесін қара өлеңмен кестелеген. Барша қазақ халқының жүрегіне жол тапқан, өзіндік үні, өзіндік қолтаңбасы бар ақынның шығармаларын дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың парызы.