Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған сурет көрмесі ашылды

«Қазақстан: кеше, бүгін, ертең» атты көрмеде педагог-суретшілердің 100-ден астам туындысы ұсынылды

Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған сурет көрмесі ашылды

Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ел тарихы мен бүгінгі өмірі туралы сыр шертетін сурет көрмесі ашылды. «Қазақстан: кеше, бүгін, ертең» атты көрме экспозициясында педагог-суретшілердің 100-ден астам туындысы ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Іс-шараның басты мақсаты – көрерменді қазіргі өнер туындыларына назар аударту, сондай-ақ қылқалам шеберелерінің беделін арттыру. Сондықтан көрмеде педагог-суретшілердің кескіндеме, натюрморт, аппликация, батик, ошибана сынды түрлі жанр мен техникалар қолданған туындылары ел назарына ұсынылды.

«Демалыс кезімде тағы бір сәті түсіп, осы «Тұмар-арт» суретшілер бірлестігіне қосылып, тағы да өзімнің суреттерімді көрсетіп тұрған жайым бар», – деді суретші Зипа Бөжеева.

Музей қабырғасына кәсіби суретшілердің ғана емес, әуесқой суретшілердің де туындылары ілінді. 

«Педагогтер өз бойындағы адамгершілікті, Отанға деген сүйіспеншілікті жақсы көрсеткен деп айта аламыз. Өйткені бүгін қойылып отырған көптеген суреттер әртүрлі жанрда салынған», – деді ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Ғалия Теміртон.

Иә, расында туындының барлығы толғауы тоқсан тарихты еске түсіріп, бүгінгі қоғам бейнесін жеткізіп, болашақты болжап тұрғандай. Қылқалам шеберлерінің суреті жоғары деңгейде орындалған және ол ерекше мәнге ие дейді көрме ұйымдастырушылары.

Айта кетсек, аталмыш көрме 31 қазанға дейін жалғасын таппақ. «Тұмар-арт» қоғамдық бірлестігінің мүшелері кәсіби шеберлігін, шәркіттерінің қарым-қабілетін көпшілік назарына ұсынып, салтанатты түрде көрменің тұсауын кесті. Көрме ұйымдастырушылары майталмандарды марапаттап, ел мәдениетіне өз үлестерін қосқаны үшін алғыс білдірді.

Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир