Бүгінде шетелде 1083 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша білім алып жатыр. Қазақ жастарына қанат бітірген бұл бағдарлама еліміздің Тұңғыш Президентінің тікелей қолдауымен құрылған. Жалпы жоба арқылы 10 мыңнан астам отандасымыз мұхит асып білім алды. Қазір олар ел дамыуына жан-жақты үлес қосып, еңбек етіп жүр. Тәуелсіздік тарту еткен бұл мүмкіндік жайлы Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызының бейнематериалында.
Арайлым Әукенова «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2010-2014 жылдары Лондонның Сити университетінде білім алған. Өзі Шығыс Қазақстан облысы Үшбиік ауылының тумасы. Айтуынша, бала кезін компьютер мен ғаламторсыз өткізген ол үнемі білімге құмар болған. Десе де шалғай ауылдан шығып, Ұлыбританияның қақ төрінде білім алу үш ұйықтасам түсіме кірмепті дейді.
«Осының барлығы біздің Тәуелсіздігіміздің арқасы. 30 жылдың ішінде жеткен жетістіктеріміздің бірі Елбасымыздың арқасында пайда болған «Болашақ» бағдарламасының арқасы деп білемін. Шетелде оқып жүргенде көптеген адамдар таңданыспен қандай бақыттысыңдар, қандай керемет мелекетте тұрасыңдар, сендерді осылай жіберуге мүмкіндігі бар екенін, бұндай мемлекет әлемнің бір-екеуінде ғана бар шығар»,– деді Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі Арайлым Әукенова.
Ел экономикасы енді ғана қалыптасып келе жатқанда, жарқын болашақ үшін жасалған қадам – 1993 жылдың 5 қарашасында шыққан тұңғыш Президенттің қаулысы еді. Бұл – азаматтардың білімі терең, зияткерлік деңгейі жоғары болса, ел дамуының негізгі көзі болатынына артылған сенім. Сенімге селкеу түскен жоқ. Бір ғана мысал – 2003 жылы мұхит асып, Ұлыбританияның Дарем университінде білімін жетілдірген Ералы Сауранбаев. Ол оқу ордасының үздік студенттерінің 10 пайызына ілінген. Айтуынша, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атану – жарқын болашаққа бастау болды дейді. Бүгінде ол ірі құрылыс компаниясын басқарып отыр.
«Тұңғыш рет шетел асып, білім алуға мүмкіндік берген бағдарлама үшін Елбасына алғысымды білдіргім келеді. Шетелде тек білім алып қана қоймай, дүниетанымымызды кеңейттік, мәдениетімізді қалыптастырдық, жауапкершілік алуды үйрендік. Қазір қолдан келгенінше білген-түйгенімізді айналамыздағыларға үйретіп жатырмыз. Сол себепті де бұл бағдарламаның болашағы зор деп айта аламын», – деді Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ералы Сауранбаев.
«Болашақ» – арайлы азаттықтың арқасында жүзеге асырылып отырған бағдарлама екені сөзсіз. Халықаралық бағдарламалар орталығының деректеріне сәйкес, осы уақытқа дейін 11 мың 196 адам әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алған.
Ал түлектердің 52 пайызы орта және жоғары буын басшысы болса, 10 пайызы меншікті кәсіпорын бастығы, 16 адам еліміздің мемлекеттік органдарының вице-министрі.
Жанар Ғаниқызы, Сағынғали Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы