Уәлихан Қалижан: «Болашақ» бағдарламасы саяси менеджерлер дайындау үшін құрылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Мемлекет қайраткері еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда білім саласының дамуы жайлы айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, публицист, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан «Болашақ» бағдарламасының о баста қандай мақсатта құрылып, жүзеге асқаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.     

«Барлық билік Жоғарғы Кеңестің қолында болды. Үкімет те, Президент те Жоғарғы Кеңеске келіп есеп беретін. Президент өз идеяларын өткізу үшін күні бойы, кейде апталап сол Жоғарғы Кеңесте отыратын. Сол кездері бір жылдың ішінде бар болғаны, бір-ақ заң қабылданған да жайттар болған. Тәуелсіздік деп құр айғайлай бергеннен, барлық мәселе өздігінен шешілмейді ғой. Қордаланып тұрған мәселені шешу керек, ұйымдастыру керек. Сондықтан да сол кездері Президенттің ерік-жігері нақты білінді. Оны жасыруға болмайды.

Ең басты мәселе білімге келіп тірелетін. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев өркениетті елдердің жолдарын екшетті, талдатты, Малайзияға үлкен жұмыс топтары барды. Сингапурдың даму жолдары тексерілді, қаралды, соны негіз етіп алды. Сол жүйені алып шығатын жаңа саяси менеджерлер керек болды. Сол себепті «Болашақ» бағдарламасы ашылды. Аталған бағдарламамен оқу бітіріп келген мықты, білімді азаматтарымыз қазіргі кезде Үкіметте, билікте, Президент әкімшілігінде түрлі қызмет атқарып жатыр», – деді Уәлихан Қалижан.

Айта кетсек, «Болашақ» халықаралық стипендиясы ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы қаулысымен құрылған. Бағдарлама академиялық оқудан (магистратура, докторантура), сондай-ақ әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды.  

Новости партнеров