Елордада «Қандастар үлесі» атты кітаптың тұсаукесері өтті

10.12.2021 20:41

Жинақ ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында жарыққа шықты

Almaty.tv

Тарихи Отанымен табысқан бауырларымыздың егеменді еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі сүбелі. Елордада ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры Мұратхан Шоқанның «Қандастар үлесі» атты кітабінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жинақ ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында жарыққа шықты. Тың ақпараттарға бай туындыда әр салада еңбек етіп, көш басынан көрініп жүрген озық ойлы ғалымдар мен кәсіби мамандар, талантты өнерпаздар мен танымал спортшылар және кәсіпкерлер туралы жазылған.  

«Жалпы, кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі – ғалымдар мен мамандар, екінші бөлімі – өнер адамдары мен спортшылар, үшінші бөлімі кәсіпкерлер туралы. Бұл кітапта 1122 адам қамтылған. Шындығында, ұлт тұтастығын ойлаған көші-қон саясаты өзінің жемісін берді. Ол үшін біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғыс айтамыз. Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы көштің жалғасын табуына ары қарай дем беріп, қандастарымыздың көптеп келуіне мүмкіндігінше жағдай жасау керек деді», – деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұратхан Шоқан.

Тұсаукесер рәсімі аясында әлемнің әр шалғайынан атажұртқа оралған қандастардың жемісті еңбегі мен жетістіктерінен сыр шертетін кітаптар, суреттер мен қолөнер бұйымдары көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды. Ақын Дәулеткерей Кәпұлының айтуынша, көшіп келген қандастар тек қазақтың санын көбейтіп қана қоймай, ерекше ықыласпен еңбек етіп, ұлтқа қызмет етіп жүр.

«Қазақстан азат ел болғандықтан, атажұртын аңсап көшіп келген азаматтардың елге өз еңбегіне сіңіруіне мүмкіндік беріп отыр. Олардың еңбегі өнерде, білімде, ғылымда, спортта, кәсіпкерлікте көрініс тауып жатыр. Азаматтарымыз қандай жетістікке жетсе де, соның бәрі Тәуелсіздіктің арқасы екені анық. Шекара ашылмағанда, Қазақстан азат мемлекет болмағанда, сыртта тарыдай шашылып жүрген қандастарымыз келер ме еді, келмес пе еді...» – дейді ақын Дәулеткерей Кәпұлы.