Елордада «Конфессияаралық келісім – Қазақстан тәуелсіздігінің негізі» атты конференция өтті

muftyat.kz
muftyat.kz
Бас мүфти жұртшылықты әрдайым ел игілігі үшін жұмыс істеуге және Тәуелсіздікті құрметтеуге шақырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда еліміздің басты мерекесі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Конфессияаралық келісім – Қазақстан тәуелсіздігінің негізі» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы конфессияаралық келісім, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту, әлемдегі дінаралық диалогты ілгерілету саласындағы жетістіктерін талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Елдегі өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған кез келген реформаны, қиындықтар мен қайшылықтарды тек елдің бірлігі мен ынтымақтастығы арқылы жеңуге болады. Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұртшылықты әрдайым ел игілігі үшін жұмыс істеуге және Тәуелсіздігімізді құрметтеуге шақырды.

«Біздің еліміздің бірлігіне ынтымағына «Конфессияаралық жиындардың» үлкен үлесі бар деп есептеймін. Ол ел ішіндегі дінаралық татулыққа, ұлтаралық татулыққа және әлемдік дәрежедегі біздің еліміздің осы бірлікке қосып жатқан үлкен үлесі деп есептейміз», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.  

«Біз мәдениет арқылы бейбітшілік келісім конгресі халықаралық қоғамдық ұйымдарындағы пікірлестермен бірге бұдан шығудың жолы бар екеніне сенімдіміз. Әлемді құтқару үшін қару-жарақ немесе атом бомбасы емес, бейбітшілік пен ізгілік қажет», – деді ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлеген Мұхамеджанов.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев орталығының Басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев біз түрлі конфессиялар мен дін өкілдері сыйластықта өмір сүретін бірегей мемлекетке айналдық деді.

«Бұрын Қазақстанда 90-ға жуық шіркеу болған. Ал қазір 360 церковь бар. Мысалы, осы жексенбі күні Алматыда тағы бір шіркеу аштық. Ол Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Алматыда ашылған 30-шіркеу болды. Осылайша, елімізде тұрақтылықты сақтап отырмыз және бәріне бірдей мүмкін жасап жатырмыз», – деді Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев.

 Іс-шараға қатысушылар тарихи қысқа мерзім ішінде Қазақстан барлық салада дерлік, зор табысқа қол жеткізгенін атап өтті. Қазақстан аумағында келісімде өмір сүріп жатқан этностардың, түрлі конфессиялар мен дін өкілдерінің бірлігі арқасында еліміз егеменді мемлекет құра алды.

Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров